1942 жылы соғыста қаза тапқан қазақ солдатының сүйегі елге жеткізіледі

1419

Жауынгер 80 жыл өткен соң отанына "оралмақ". Сүйегі Шет ауданының Ағадыр кентіндегі зиратқа әскери қошеметпен жерленетін болады.

1942 жылы соғыста қаза тапқан қазақ солдатының сүйегі елге жеткізіледі

Ұлы Жеңістің 75 жылдығы қарсаңында Ресейден Қарағанды облысына күтпеген хабар келді. Іздестіру қызметкерлері Смоленск облысында 1942 жылы ұрыс кезінде қаза тапқан сарбаздың сүйегін тапты. Мойнындағы медальонның арқасында қаза болған қызыләскер сарбазының аты-жөні анықталған. Сұрапыл соғыста жер жастанған солдат Шет ауданының Жастерек ауылынан майданға шақырылған Медет Аманжолов екені анықталды, деп хабарлайды әкімнің баспасөз қызметі.

Ресейліктер оның туысқандарына іздестіру жіберген. Көп ұзамастан солдаттың туғандары табылды. Аманжоловтар әулеті әлі күнге дейін Шет ауданында тұрады. Енді ұрпақтары оның сүйегін өз отанына әкеле алады.

"Әрине, таң қалдық. Күтпеген, қуанышты оқиға болды. Медет атамыздың қабірін менің марқұм әкем, туыстары біраз іздестірді, бірақ өкінішке орай еш нәтиже болмады. Осы игі жұмысты атқарған адамдарға рахмет. Біз "Тризна" іздеу бірлестігінің жауынгерлеріне алғысымызды білдіреміз. Қазір енді ең бастысы – атамыздың сүйегін отанына қайтару және туған-туысқандарының қасына жерлеу болып отыр", – дейді Медет Аманжоловтың немересі.

Солдаттың туған-туыстарына қаза медальоны мен құжаттары тапсырылды. Олар Қазақстандағы Ресей Елшілігімен сарбаздың сүйегін қайтару жолдарын талқылауда. Сарбаздың ұрпақтары атасының қаза тапқан жеріне бармақшы. Бірақ коронавирусқа байланысты бұл тек карантин мен ТЖ режимі аяқталғаннан кейін ғана мүмкін болады.

Медет Аманжолов майданға 24 жасында аттанған. Ұлы Отан соғысы басталғаннан бері ұрыстарға қатысқан. Туған-туыстары үшбұрышты конвертте солдаттың хаттарын алып, оның амандығын біліп отырған. Ал 1942 жылы қара қағаз келген. Қызыл әскер сарбазы шайқас кезінде 1942 жылдың 4 қазанында Смоленск облысының Алексеевка ауылына жақын жерде қаза тапқан.

80 жыл өткен соң Қазақ солдаты отанына "оралады". Қызыл әскер жауынгерінің сүйектері Шет ауданының Ағадыр кентіндегі зиратқа әскери қошеметпен жерленетін болады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу