196 колледж 500 мамандық бойынша студенттерді даярлау құқығынан айырылды

865

Еліміздегі колледждердің білім беру қызметіне қатысты жүргізілген мониторинг қорытындысы бойынша ҚР БҒМ Білім және ғылым саласында сапаны қамтамасыз ету комитеті 196 колледжден 500 мамандық пен 738 біліктілік бойынша лицензияға қосымшаларын қайтарып алды., деп хабарлайды ҚР БҒМ баспасөз қызметі.  

196 колледж 500 мамандық бойынша студенттерді даярлау құқығынан  айырылды

Колледждер белгілі бір мамандықтар бойынша студенттерді оқытқанымен, бейіні мен білім беру қызметіне қойылатын біліктілік талаптарына сәйкес болмай шықты. Осыған байланысты БҒМ тарапынан лицензияларды қайтару жұмыстары жүргізілді.

Білім беру бағдарламаларының сапасы, педагогикалық және оқытушылар құрамының жеткіліксіздігі, оқу үрдісін жүзеге асыру үшін қажет материалдық-техникалық базаның және оқу-зертханалық жабдықтардың болмауы сынды бұзушылықтар да орын алған.

Бұл колледждердің студенттері басқа оқу орындарына ауыстырылып, оқытушылар жұмысқа орналастырылды.

"Біз осы бағыттағы жұмысты жоғары оқу орындарында да, колледждерде де жүргізіп жатырмыз. Мемлекет басшысы білім беру сапасын арттыру бойынша тапсырма берген болатын. Шын мәнінде, елімізде сапалы білім беретін колледждер көп, бірақ бәрі бірдей емес. Осы орайда жүйелі жұмыс жүргізіліп жатыр, дегенмен қатаң шаралар да қабылданады. Егер медициналық колледж қаржыгерлерді, бухгалтерлер мен програмистерді, ал агротехникалық колледж – мектепке дейінгі ұйымдардың тәрбиешілерін, құрылыс колледжі – дене шынықтыру мұғалімдерін және т.б. бағыттар бойынша мамандарды даярласа, сапалы білім беру туралы қалай айтуға болады? Тіпті бұл оқу орындарының қажет базасы, тиісті кадрлары мен оқу үрдісіне қажет жабдықтары да жоқ болғанын айта кеткен жөн", – деді ҚР БҒМ Білім және ғылым саласында сапаны қамтамасыз ету комитетінің төрайымы Гүлзат Көбенова.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу