Абай облысында алкоголь өнімдерін заңсыз өткізу мен сақтауға қарсы жүргізілген рейдтік іс-шаралар нәтижесінде жыл басынан бері 148 құқық бұзушылық фактісі анықталды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Полицияның мәліметінше, заң бұзушылықтардың қатарында алкоголь өнімдерін тиісті рұқсат құжаттарынсыз сату, сауда талаптарын бұзу, өнімнің шығу тегін растайтын құжаттардың болмауы және қауіпсіздік талаптарына сәйкес келмейтін тауарларды сақтау мен өткізу деректері бар.
Қабылданған шаралардың нәтижесінде заңсыз айналымнан жалпы көлемі 2 350 литр алкоголь өнімі тәркіленді.
Абай облысы Полиция департаментінің қызметкерлері сауда орындарында, қоймаларда, қоғамдық тамақтану нысандарында және алкоголь өнімдерін сатумен айналысатын кәсіпкерлік субъектілерінде тұрақты тексерулер жүргізіп келеді. Сонымен қатар кәсіпкерлер арасында түсіндіру жұмыстары ұйымдастырылып, заң талаптарын сақтау қажеттігі ескертіледі.
Ведомствоның мәліметінше, алкоголь өнімдерінің заңсыз айналымының алдын алу қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге және азаматтардың денсаулығын қорғауға бағытталған маңызды шаралардың бірі болып табылады.