2,5 млн тонна тұқым дайындалды

855

522 мың тонна минералды тыңайтқыш сатып алынады.

2,5 млн тонна тұқым дайындалды

Үкімет отырысында көктемгі дала жұмыстары бойынша есеп берген ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров осылай деді. Ол биылғы егіс науқанына дайындалған тұқымның сапасы өте жоғары болғанын атап өтті. 

"Республика бойынша егіс науқанына 2,5 млн тонна тұқым дайындалды. Тұқымға деген қажеттілік толық қамтамасыз етілді. Тұқымның сапасы 100% кондицияға сай болды. Жоғары репродукциялы тұқымдар 99%-ды құрады. Оның ішінде 1-2-сыныпты егіс стандартына 1,2 млн тонна кондициялық тұқым, 
3-сыныбына 400 мың тонна тұқым лайық болды", – деді Сапархан Омаров.

Министр ауыл шаруашылығы дақылдарының өнімділігін арттыру үшін қолданылатын минералды тыңайтқыш сатып алуға 26,2 млрд теңге субсидия қарастырылған мәлімдеді. 

"Биыл республикалық бюджеттен бөлінген 23,3 млрд теңгеге қосымша 
2,8 млрд теңге қаражат қосылды. Бұған шамамен 522 мың тонна минералды тыңайтқыш сатып алынады. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 120 мың тоннаға артық. 26 мамырдағы жағдай бойынша ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге 395 мың тонна тыңайтқыш жеткізілді. Өңірлердегі сақтау қоймаларында шамамен 31,8 мың тонна тыңайтқыш бар", – деді ол.

Сапархан Омаровтың сөзінше, Қызылорда облысы науқан кезінде минералды тыңайтқыштың 93%-ын, Солтүстік Қазақстан облысы – 36%-ын, Түркістан облысы 27%-ын қолданған. Басқа облыстарда тыңайтқыш қолдану көрсеткіші төмен болған. 

"Барлық облыс әкімдіктеріне осы жағдайға ерекше көңіл бөлуді және жоғары өнім алу үшін тыңайтқыш сатып алу көлемін арттыруды ұсынамыз", – деді ауыл шаруашылығы министрі. 

Оның айтуынша, облыстық бюджеттерден пестицидтерді субсидиялауға 37 млрд теңге бөлу жоспарланған. Бұл қаржы шамамен 16,6 млн литр пестицидті субсидиялауға жетеді.

"Болашақта гербицидтер ғана емес, фунгицидтер мен инсектицидтер де субсидияланады. Бұл егіс алқабының фитосанитариялық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді", – деді Сапархан Омаров.

Қанат Махамбет

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу