2020 жылдың қаңтарында Қазақстанда мемлекеттік еңбек инспекторлары 1,1 мыңнан астам жұмыскердің құқығын қорғады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметіне сәйкес, биылғы жылдың алғашқы айында мемлекеттік еңбек инспекторлары еліміздегі 69 кәсіпорында 2,3 мың жұмыскер алдында жалақы бойынша 342 млн теңгеден аса қарыз бар екенін анықтады.
"Аталған кәсіпорындардың басшыларына орындалуға міндетті 33 нұсқама беріліп, 4 млн теңгеден астам сомаға айыппұл салынды. Қолданылған шаралардың нәтижесінде, сонымен қатар жалақы бойынша қарызды өтеудің мерзімі мен кестесін қатаң белгілеу арқылы 1,1 мыңнан астам жұмыскердің құқығы қорғалып, нәтижесінде оларға 331 млн теңге төленді", - деді министрліктен.
Жалпы, қаңтар айында мемлекеттік еңбек инспекторлары 442 тексеру жүргізген. ҚР еңбек заңнамасын бұзудың 866 фактісі анықталды.