Прокуратура жүргізген тексеру барысында ветеринариялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бағытындағы бірқатар заң бұзушылықтар анықталды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Қадағалау органы мал басының есебін жүргізуде нақты деректердің жоқ екенін анықтады. Полицияның учаскелік инспекторларымен бірлесіп жүргізілген іс-шаралар нәтижесінде жалпы саны 7 мыңнан асатын 57 тіркелмеген жылқы табыны белгілі болды.
Сонымен қатар эпизоотияға қарсы іс-шараларды жүргізу кезінде де заң бұзушылықтарға жол берілген. Атап айтқанда, ветеринариялық дәрігерлер вакцинация актілеріне жалған мәліметтер енгізіп, жоқ жануарларды көрсеткен және бірқатар мал басын бірнеше рет есепке алған.
Тексеру барысында жалпы саны 2,8 мың жалған вакцинация фактісі анықталды. Нәтижесінде мемлекетке келтірілген 996,2 мың теңге көлеміндегі шығын өтелді.
Сондай-ақ аудандағы 14 мал қорымының ветеринариялық талаптарға сәйкес келмейтіні белгілі болды. Олардың қоршаулары орнатылмаған, жер учаскелері рәсімделмеген және тиісті балансқа қойылмаған.
Бұдан бөлек, ветеринариялық станцияда 6 млн теңгеден астам сомаға негізсіз сыйақы мен үстемақы есептеу фактілері анықталды. Қазіргі уақытта оның 4 млн теңгеден астамы бюджетке қайтарылған.
Прокурорлық қадағалау актілері негізінде кінәлі лауазымды тұлғалар тәртіптік және әкімшілік жауапкершілікке тартылып, анықталған заң бұзушылықтарды жою шаралары қабылдануда.