Білім беру саласына елеулі үлес қосқан, саналы ғұмырын ұрпақ тәрбиесіне арнаған ардагер ұстаз Төлепберген Қасымов пен Марк Подольский Тамыз кеңесінде марапат биігінен көрінді, деп хабарлайды inbusiness.kz әкімнің сайтына сілтеме жасап.
Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев қос ұстазға Қызылорда облысының "Құрметті азаматы" атағын табыстады.
Төлепберген Смағанбетұлы - "КСРО – халық мұғалімі", "Кәсіптік білім саласының еңбегі сіңген қызметкері" атағымен марапатталған. Бірнеше мәрте КСРО – Жоғарғы Кеңесінің, КСРО-ның ғылым академиясының құрметтеріне ие болған.
Төлепберген Қасымовтың есімі КСРО-ның үлкен энциклопедиялық сөздігіне, мемлекеттік Құрмет кітабына енген.
Марк Захарович - білікті маман, сауатты басшы және шебер ұйымдастырушы ретінде аймақтың дамуына үлес қосқан қайраткер.
Білім саласына сіңірген ерлеулі еңбегі үшін "Парасат" ордені мен "Ерең еңбегі үшін" медалімен марапатталған.
Өз кезегінде дәстүрлі Тамыз кеңесінде білім беру ұйымдары арасында өткен конкурс нәтижесінде ауыл мектебіне 34 миллион теңгенің сертификаты табысталды.
Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев жеңімпаз атанған Арал қаласындағы Ұ.Қараманов атындағы №262 мектеп-гимназиясының директорына арнайы грантты салтанатты түрде табыстады.
Бұл мектеп республикалық "100 мектеп, 100 аурухана" бағдарламасы аясында 1200 орындық оқушыға арнап салынып, 2009 жылы пайдалануға берілген.
Білім ордасы серіктес мектеп ретінде қарамағында аудандағы 15 мектеппен өзара ынтымақтастық орнатқан облыстағы инновациялық үлгідегі мектептердің бірі.
Айта кетейік, өткен жылдан бері үздік ұйымға берілетін қаржы екі есеге ұлғайды. Бұған дейін өңірде 1 мектеп 34 миллион, 7 мектеп 17 миллион теңгенің сертификатын иеленген.