2 банктен 2 млрд теңге жымқырған трансұлттық ұйымның мүшелері сотталды

920

ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің киберқауіпсіздік басқармасы қазақстандық екі банктегі ақша жымқыру ісінің тергеп-тексерілуі жайында ақпарат таратты, деп хабарлайды inbusiness.kz.

2 банктен 2 млрд теңге жымқырған трансұлттық ұйымның мүшелері сотталды

Нақтырақ айтқанда 2 млрд теңгені ұрлаған "Карбанак/Кобальт" трансұлттық киберқылмыстық ұйымының мүшелері сотталған. Алматы прокуратурасы агенттіктің көмегімен қылмыскерлердің әрекетінің жүйелілігін қалпына келтіріп, қажетті дәлелдер базасын жинақтаған. 2019-2020 жылдары қаржы реттеушісінің қызметкерлері алғаш рет банктерге жасалған кибершабуылдар бойынша қылмыстық істі тергеп-тексеру кезінде прокуратураға көмек көрсеткен.

"Біз жасалған қылмыстардың цифрлық дәлелдерін жинап, талдау жасауға көмектестік. Соның нәтижесінде хакерлердің әрекеттерін сот ұрлық, заңсыз жою, ақпаратты түрлендіру, ақпараттық жүйенің жұмысын бұзу және ақпаратты заңсыз алу деп бірнеше бөлікке жіктеді. Трансұлттық қылмыстық топтың қатысушылары мұндай ұрлық жасау үшін арнайы қалыптастырылған зиянды компьютерлік бағдарламаларды пайдаланып, осы әрекеттерді 2016-2017 жылдары екінші деңгейдегі екі банкке қатысты жасаған", - деді ҚНРДА киберқауіпсіздік басқармасының бөлім бастығы Анатолий Пудель.

Прокуратура мен агенттіктің бірлескен қызметінің нәтижесінде материалдар дайындалып, Алматы қаласы Бостандық аудандық сотына берілген. Қылмыстық топтың екі мүшесі үкім шығарылды. Сот оларды 8 жылға бас бостандығынан айырды. Қылмыстық топтың қалған мүшелері анықталып, оларға халықаралық іздеу жарияланды.

"Тергеу  "Карбанак/Кобальт" трансұлттық киберқылмыстық тобының жоғарыда көрсетілген қылмысты кезінде 13 елдің аумағында әрекет еткенін және 2 млрд теңгеден аса ақша жымқырғанын, сондай-ақ тағы 8  млрд теңгені ұрлауда сәтсіздікке ұшырағанын дәлелдеді. Олар банктерге зиянды файлдар салынған электрондық хаттар жіберген, оларды ашқан кезде компьютерлер бір-бірін зақымдай бастаған. Хакерлер қашықтан басқару режимінде банк қызметкерлерінің құпиясөздерін ұрлау үшін бағдарламалар орнатқан, 200-ден аса төлем картасын ашқан, банктердің процессинг жүйелеріне рұқсатсыз әкімшілік тұрғыдан қол жеткізген. Одан кейін төлем карталарына көп миллионды кредиттік лимиттер белгілеген, банкоматтардан қаражат алуға қойылған шектеулерді алып тастаған, одан әрі қаражат түрлі елдердегі банкоматтар арқылы қолма-қол ақшаға айналдырылған", - деп түсіндірді Анатолий Пудель.

Алматы прокуратурасының деректері бойынша, "Карбанак/Кобальт" – бұл бүкіл әлемдегі банктерге шабуыл жасаумен айналысқан трансұлттық киберқылмыстық ұйым. Олар әлемнің 40 елінде 100-ден аса қаржы ұйымын тонаған. Олардың қызметінен болған шығын шамамен 1 млрд долларды құрайды.

Аян Бекенұлы 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу