2 көлікті алдап сатқан автосалон менеджері 3 жыл 4 айға сотталды

725

Ер адам Changan CS55 Plus пен Toyota Camry көліктерін заңсыз иемденіп, 23 млн теңге шығын келтірген.  

2 көлікті алдап сатқан автосалон менеджері 3 жыл 4 айға сотталды Фото: nur.kz

Астанада автосалонның бұрынғы менеджері клиенттердің екі көлігін заңсыз иемденгені үшін сотталды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Астана қаласының прокуратурасының мәліметінше, ер адам автосалонда сату жөніндегі менеджер болып жұмыс істеген. Ол пайдакүнемдік мақсатпен алдау және сенімге қиянат жасау арқылы қала тұрғындарына тиесілі екі автокөлікті иемденген.

Жәбірленушілер өздеріне тиесілі "Changan CS55 Plus" және "Toyota Camry" көліктерін сату үшін автосалонға тапсырған. Алайда менеджер көліктерге сатып алушы табылғанын айтып, ақша бірнеше күн ішінде түсетінін айтып сендірген. Кейін көліктерді үшінші тұлғалардың атына қайта рәсімдеуге көндірген.

Көліктер қайта тіркелгеннен кейін сотталушы оларды сатудан түскен қаржыны өз қажетіне жұмсаған. Соның салдарынан көлік иелеріне жалпы сомасы 23 млн теңге көлемінде материалдық залал келген.

Сот барысында мемлекеттік айыптаушы оның кінәсін дәлелдейтін жеткілікті айғақтар ұсынған. Сотталушы кінәсін толық мойындап, жасаған әрекетіне өкініш білдірген.

Сот үкімімен ер адам кінәлі деп танылып, оған 3 жыл 4 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Сонымен қатар жәбірленушілердің материалдық залалды өндіру туралы талаптары қанағаттандырылды.

Сот үкімі заңды күшіне енді.

Астана қаласының прокуратурасы меншікке қарсы қылмыс жасағаны үшін заңнамада мүлікті тәркілеу және 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру түріндегі жаза қарастырылғанын еске салды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу