Қазақстан Қарулы күштері тарихындағы ең бойы ұзын сарбаз "Батыс" өңірлік қолбасшылығының теңіз жаяу әскерлері бригадасында әскери борышын өтеп жатыр, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Әлішер Назымбектің бойы – 2 метр 9 сантиметр. Ол Ақмола облысы, Жарқайың ауданы, Далабай ауылында туған.
Әлішердің отбасында 6 бала тәрбиеленіп жатыр. Сарбаздың бойының ұзындығы нағашы атасынан дарыған көрінеді. Мектепте де, колледжде де ол қатарластарынан ерекшеленген.

Әскерге дейін бойы ұзын сарбаз Көкшетау жоғары көпсалалы азаматтық қорғаныс колледжін "Өрт қауіпсіздігі" мамандығы бойынша бітірген. Жастайынан спортты серік етіп, волейбол мен кикбокстан республикалық жарыстарда колледж намысын қорғапты.
Сарбаздың сөзінше, әскерге бару – саналы әрі көптен күткен шешімі.
– Бала күнімнен теңіз жаяу әскеріне баруды армандадым. Мұнда іріктеу қатал екенін білетінмін, бірақ спортпен шұғылданғанымның арқасында өзіме сенімді болдым. Қызметтен кейін әскери училищеге түсіп, офицер болғым келеді. Сондай-ақ, Құрмет қарауыл ротасына түссем деген де үмітім бар. Өйткені бойым ұзын болған соң, алар деген ойдамын, – дейді Әлішер.
Айта кетейік, теңіз жаяу әскерлерінде еліміздің ең шыдамды, ең мықты жігіттері қызмет қызмет етеді. Бұл бөлімде бұған дейін де Денис Балюк (бойы 2 метр 8 сантиметр) пен Азат Мұхамеджанов (2,4) секілді бойшаң сарбаздар әскери борышын өтеген. Ендігі жаңа рекорд Әлішер Назымбекке тиесілі болып отыр. Ол – Қазақстан Қарулы күштері тарихындағы бойы ең ұзын сарбаз.