Екібастұз қаласының прокуратурасы ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелерін беру бойынша өткізілген конкурс барысында бірқатар заң бұзушылықтарды анықтады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Тексеру нәтижесінде кейбір қатысушылардың конкурсқа ауыл шаруашылығы техникасы мен білікті мамандардың бар екендігі туралы шындыққа сәйкес келмейтін мәліметтер ұсынғаны белгілі болды. Бұл конкурстық өтінімдерді бағалау нәтижесіне әсер еткен.
Конкурс қорытындыларын зерделеу кезінде төрт лот бойынша заң бұзушылықтар анықталып, жалпы көлемі 2 мың гектардан асатын жер учаскелерінің заңсыз бөлінгені белгілі болды.
Атап айтқанда, екі шаруа қожалығы конкурс құжаттарында бірдей ауыл шаруашылығы техникасы мен еңбек ресурстары туралы мәліметтер көрсеткен.
Прокуратураның наразылығынан кейін жер комиссиясы аталған лоттар бойынша конкурс нәтижелерінің күшін жойып, жер учаскелерін қайта конкурсқа шығарды.
Қадағалау органы жер қатынастары саласындағы заңдылықтың сақталуын бақылау жұмыстары жалғасатынын мәлімдеді.