Биыл 2-сынып оқушыларына арналған бірыңғай оқулық енгізіледі, деп хабарлайды 24.kz.
Қазір сала мамандары әр пәннен оқулықты іріктеп жатыр. Ол үшін 126 мұғалімнен тұратын арнайы комиссия құрылған. Олар апта бойы 2-сынып оқушысына неғұрлым түсінікті болатын кітаптарды саралап, мұқабасына безендірілуі мен салмағына да мән беріп отыр. Талқылау жұмысына ұстаздардан бөлек, ата-аналар да қатысқан. Енді республикалық комиссияның отырысында нақты шешім қабылданады.
Айта кетейік, былтырдан бастап 1-сынып бірыңғай оқулықпен қамтамасыз етілді. Бұл шара жыл сайын кезең-кезеңімен іске асырылады. Ал 2020 жылдан бастап 5-9, 2022 жылы 10 мен 11-ші сыныптарға бірыңғай оқулық енгізу көзделіп отыр.
"Комиссияның құрамында Қазақстанның түкпір-түкпірінен жоғарғы оқу орындары, мектептегі практик мұғалімдер бар, парламент депутаттары бар, мемлекеттік емес ұйымдар бар, мына ата-аналардан мүшелер енгізіліп отыр. Сондықтан бұл оқулықтарды бағалауда сондай бір әділ жұмыстың жүргізілуіне оңтайлы жағдай туғызып отыр", – дейді профессор Владимир Шнайдер.
"Бірнеше баспаның оқулықтары ұсынылып жатыр. Сол оқулықтардың бәрін қарай отырып, енді бүкіл еліміз оқитын оқулық болғаннан кейін, ол балаға түсінікті тілде әрі жеткілікті дәрежеде білім беру үшін біз соған нақты шынайы көзқараспен қарап жатырмыз. Себебі біздің шешімімізден еліміздің болашағы шешілейін деп тұр ғой. Сондықтан таңдау өте қиын", – дейді пәндік комиссияның мүшесі.