ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов Атырау мұнай өңдеу зауытына (АМӨЗ) апатты жағдайдан кейін оның жұмысын қалпына келтіру барысымен танысу үшін жұмыс сапарымен барды, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.
Үкіметтік топ хош иісті көмірсутектерді өндіру және мұнайды терең өңдеу кешенін аралап көрді. Осы жерде зауыттың бас директоры Мұрат Досмұратов МАЭК-тегі апаттан кейін тоқтап қалған Атырау мұнай өңдеу зауытында өндірісті толық қуатына шығару бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы баяндама жасады. Сондай-ақ ол қазіргі таңда жеке газ турбиналы электр стансасын салу жобасы әзірленіп жатқанын айтты.
Премьер-Министр Атырау мұнай өңдеу зауыты ел экономикасының тұрақты дамуын қамтамасыз ететін маңызды кәсіпорындардың бірі екенін баса айтты.
"3 шілдеде бүкіл зауыт апатты жағдайда тоқтап қалды. Осыған ұқсас жағдайлар екі жыл бұрын да орын алған. Сол кезде зауытқа өзінің автономды энергия көзі қажет екені түсінікті болды, содан тиісті сабақ алуға болатын еді. Әрине, бұл тек Атырау мұнай өңдеу зауытының міндеті емес, "ҚазМұнайГаз" компаниясы да қажетті жұмыстарды атқаруы керек еді", — деді Әлихан Смайылов.
Үкімет басшысы атап өткендей, мұндай стратегиялық нысандарда тіршілікті қамтамасыз етудің автономды энергия көздері міндетті түрде болуы керек. Ал Атырау мұнай өңдеу зауытына келсек, Әлихан Смайылов жеке газ турбиналы электр стансасын іске қосу жобасын жүзеге асыруды жеделдетуді талап етті.
"Зауыт - стратегиялық маңызы бар нысан, ол сырттан жеткізілетін электр энергиясына тәуелді болмауы тиіс. Яғни, апатты жағдайда тоқтаған мезетте кәсіпорынның тұрақты жұмысын қамтамасыз ететін жеке қосалқы станса іске қосылуы керек. Бұл жобаны 2028 жылға дейін созбай, алдағы 2-3 жылда жүзеге асыру керек. Біз бұл үдерісті жеделдетуіміз керек", — деді Премьер-Министр ҚМГ мен АМӨЗ басшыларына қарата сөйлеген сөзінде.
Сондай-ақ Мұрат Досмұратов Әлихан Смайыловқа төтенше жағдайға қарамастан зауыттан мұнай өнімдерін жөнелту тоқтамағанын хабарлады.
"Зауыт тәулігіне 5 мың тоннаға жуық бензин мен 6 мың тонна дизель отынын жөнелтеді. Қазір жинақталған қорлардан өнім жөнелту жүріп жатыр. Жалпы, бүгінде 22 мың тонна бензин, 26 мың тонна дизель отыны, 5 мың тонна авиакеросин бар. Яғни, зауыт толық қуаттылыққа шыққанша жөнелту жоспарын толық орындау үшін бізде мұнай өнімдерінің қоры жеткілікті", — деді Атырау мұнай өңдеу зауытының бас директоры.