20 бала "Төтенше жағдайдағы ерлігі үшін" медалімен марапатталды

2309

20 бала "Төтенше жағдайдағы ерлігі үшін" медалімен марапатталды

Ағымдағы жылғы 16 мамырда Астана қаласындағы Оқушылар сарайында Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымовтың қатысуымен әртүрлі төтенше жағдайларда ерлік көрсеткен 20 батыр баланы салтанатты жағдайда марапаттау рәсімі өтті, деп хабарлайды ІІМ баспасөз қызметі.

"Елорданың туған күні қарсаңында Астанаға еліміздің әр түпкірінен жасөспірім батырлар келді. Бұл балалардың барлығы да қысылтаяң шақта ержүректік көрсетіп, адам өміріне араша болғандар. Сіздер қазірдің өзінде көпке үлгі тұтатын жандарсыздар. Осы орайда сіздердің ата-аналарыңызға, мұғалімдеріңізге және өздеріңді тәрбиелеп жүрген тәлімгерлеріңізге зор алғысымды білдіремін. Елімізде өздеріңіз сияқты батыр балалар барда алдыңғы аға буын Қазақстанның болашағына сеніммен қарайды. Біз сіздерді және сіздердің ерліктеріңізді мақтан тұтамыз!"– деп атап өтті министр.

Қалмұханбет Қасымов барлық балаларға денсаулық, табыс тілеп, болашақта да осындай батыр, қырағы, рухы күшті, ержүрек қалыптарын сақтап, биіктерден көріне берулеріне ағалық тілектестігін жеткізді. Бұдан соң "Төтенше жағдайдағы ерлігі үшін" медалімен марапаттап, бағалы сыйлықтар ұсынды.

Салтанатты іс-шара барысында балалар құрметті қарауылдың өнерлерін, әскери оркестрдің орындауында патриоттық және әскери композицияларды тамашалады, Оқушылар сарайына және астананың көрікті жерлеріне саяхат жасады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу