"Отбасы банкі" еліміздің 20 млн-шы тұрғыны атанған 5 балаға 2 млн теңгеден береді. Бұл туралы қаржы институты басқарма төрағасы Ләззат Ибрагимова Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
"Отбасы банкі" еліміздің 20 млн-шы тұрғыны атанған балалардың болашағына да өз үлесін қосқысы келеді. Біз оларға әрқайсысы 2 млн теңге номиналды құны бар сыйлық сертификатын сыйлаймыз. Бұл сертификат жай ғана сыйлық емес. Ол – жарқын болашаққа жолдама. Бұл қаражат жеке баспана сатып алудың алғашқы қадамы болады", - деді спикер.
Сертификатты қолдану үшін балалардың ата-аналарына 3 ай уақыт беріледі.
"Олар тұрып жатқан қаладағы банк филиалына барып, жеке куәлігін, баланың туу туралы куәлігін көрсетуі керек. Сонымен қатар видеобанкинг арқылы да хабарласуға болады", – деді Ләззат Ибрагимова.
Халықтың деректер базасының көрсеткіштеріне сәйкес, 2023 жылғы 14 қарашада таңғы сағат 8:10-да туған 5 бала еліміздің 20 млн-шы тұрғыны атанды.
Олар Ұлытау, Жетісу, Атырау, Ақмола және Түркістан облыстарында дүниеге келген. Олардың ішінде 3 ұл және 2 қыз бар.
Айта кетейік, қазақстандықтардың саны 20 миллионға жетті. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтарды ақжолтай жаңалықпен құттықтады.