Солтүстікқазақстандық полиция қызметкерлері Петропавлдағы атысқа қатысты күдіктілеге іздеу жариялады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Петропавл қаласының тумасы әрі тұрғыны 30.04.1996 жылы туған Темірлан Бектасқа, РФ Омбы облысының тумасы, СҚО Қызылжар ауданы Бескөл ауылының тұрғыны 07.05.1997 жылы туған Қайрат Аушахмановқа ҚР ҚК 293 бап 3 тармағында (бұзақылық) қарастырылған аса ауыр қылмысқа күдікті ретінде іздеу жарияланды. Бұл азаматтар 28-інен 29-ыншы шілдеге қараған түні "Парк сити" түнгі клубының алдында болған оқиғаға күдікті деп болжанып отыр. Бақылау камерасына жас жігіттер арасында жанжал туындап, олардың бірі зақымдаушы қару қолданғаны түсіп қалған.
СҚО ІІД тергеу басқармасының басшысы Қайрат Қасымбековтың айтуынша, осы уақытқа дейін не медицина мекемелеріне, не полиция қызметіне шағым айтып ешкім келмеген. Түнгі клубтың әкімшілігі де әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Былтырғы жылы осы ойын-сауық мекемесінің алдында төбелес болып, баскетболшы Игорь Нанаев қаза тапқан еді.
Айта кетейік, өткен демалыс күндері Петропавлда жастардың қару қолдануымен екі бірдей жанжал болды. Екінші оқиға барысында 19 жасар петропавлдық азаматқа оқ тиіп, аяғынан айырылды. Күдіктілерден алынған қару сараптамаға жіберілді. Полиция қызметкерлері қарудың жастардың қолына қайдан түскенін анықтауда. Жанжалға қатысушылар 16-дан 19 жасқа дейінгі колледж студенттері және жұмыссыз жастар. Оларды ҚР ҚК қарастырылған "Адам өміріне қастандық жасау" бойынша 15-тен 20 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы күтіп тұр.