Ақтөбе облысында жаңа тұрғын үйлердің құрылысы басталып кетті

261

Ойыл ауданы Қаратал ауылында мердігерлер жаңа тұрғын үйлердің құрылысын бастап кетті, деп жазады inbusiness.kz сайты.

Ақтөбе облысында жаңа тұрғын үйлердің құрылысы басталып кетті Фото: stan.kz

Қазір бұл елді мекенде 173 үй салуға жер учаскелері белгіленген. Ойыл ауданына жұмыс сапарымен барған облыс әкімі Асхат Шахаров құрылыс жұмыстарын жүргізіп жатқан мердігер ұйым өкілдерімен және ауыл тұрғындарымен кездесті.

Биылғы су тасқыны кезінде Ойыл ауданы Қаратал ауылында 214 үйді су басқан. Баспанасыз қалған отбасылардың арасында 41 шаңырақ жаңа үйді аудан орталығынан салып беруін өтінген болатын. Ал қалған қараталдықтарға жаңа тұрғын үйлер өздері тұратын ауылдан салынады. 

Белгілі болғандай, Қаратал ауылында бой көтеретін 173 тұрғын үйді салуға 4,5 млрд теңге қарастырылған. Жобаны жүзеге асырушы мердігер ұйымдар – "Әлия жолдары" ЖШС, "ГТА-Сервис" ЖШС және "Стройстандарт-222" ЖШС.

Бүгінде жер учаскелері инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз етілген. Ауылдағы суға кеткен балабақша мен интернат ғимараты да жаңаланады.

"Балабақша мен интернатты жаңадан саламыз. Ең алдымен, осы екі нысан жаңа оқу жылына дайын болуы керек. Осы жобаларды мойнына алған құрылыс компаниялары жұмыстарды тиянақты әрі уақытылы жүргізуге тиіс. Аудан әкімі мен орынбасары осы мәселені назарға алыңыздар", - деді Асхат Шахаров тұрғындармен кездесуде.

Бұдан кейін облыс әкімі Ойыл ауылына барды. Биыл тасқын кезінде су шайып кеткен көпірдің жағдайымен танысты. Елдімекен кіреберісіндегі уақытша көпірдің құрылысы мамыр айының басында аяқталған. 

Өңір басшысы су тасқынынан зардап шеккен Қаратал және Екпетал елді мекендері тұрғындарына арналып тұрғын үй салынатын Ойыл селосындағы жер учаскелерін аралап шықты.

Бұл жерде жалпы саны 102 үй тұрғызылады. Бұл мақсатқа 3 млрд теңге қаржы бөлінбек. Бүгінде барлық жер учаскесі инженерлік-техникалық инфрақұрылыммен қамтылған. Яғни, мұнда электр желісі, ауызсу, газ бар.

Тұрғындармен кездесу кезінде облыс әкімі мердігер ұйым өкілдеріне құрылыс жұмыстарын жауапкершілікпен, жанашырлықпен жүргізуді тапсырып, зардап шеккен азаматтарға барынша сабырлық танытып, жаңа баспаналарын салынып бітуін күтуге шақырды.

"Құрылыс жұмыстарын жүргізу кезінде бірқатар мәселелер туындауы мүмкін. Қазір бұл жағдайды Мемлекет басшысының өзі бақылауда ұстап отыр. Сондықтан біз сіздерге барынша қолдау көрсетуге дайынбыз. Қаржы бар, бұл орайда мәселе жоқ. Тек тездетіп компаниялар құрылыс жұмыстарын жүргізуі керек. Тұрғындар, сіздер де баспаналы болу үшін бірлесіп, ауызбіршілік тынытыңыздар. Мердігер ұйымдарға қолдау көрсетіңіздер", - деді Асхат Шахаров.

Кездесу соңында ойылдықтар жеке сауалдары бойынша облыс әкіміне өз ұсыныс-тілектерін жеткізді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу