200 гектар егіс алқабында 3 рет өрт болды

1141

Елімізде 485 – орман, 35 – дала өрті тіркелді. Бұған қоса дала алқабында  2 015 өрт болды.   

200 гектар егіс алқабында 3 рет өрт болды

Бұл туралы төтенше жағдайлар министрлігі өртке қарсы қызмет комитеті төрағасының орынбасары Марат Хасенов мәлімдеді, деп хабарлайды inbusiness.kz.

"Өрттің жиі орын алуына ауа температурасының +45ºС-ге дейін көтерілуі, жаңбырдың жаумауы себеп болды", – деді комитет төрағасының орынбасары. 

Марат Хасеновтің айтуынша, 3,7 мыңнан астам елдімекенде құрғақ өсімдіктер мен жанғыш қоқыстан тазарту жұмысы жүргізілді. Жергілікті атқарушы органдардың табиғатты қорғау және орман мекемелерімен 212-ден астам өртке қарсы тактикалық сабағы мен оқу-жаттығуы өткізілді.

"Жергілікті атқарушы органдарға елдімекендердің өрт қауіпсіздігіне дайын болмауына қатысты 2 260 ескерту берілді", – деді Марат Хасенов.

Оның сөзінше, азаматтық қорғау, ішкі істер органдары, табиғатты қорғау және орман мекемелері мен жергілікті атқарушы орган қызметкерлерінен 661 мобильді топ құрылды. Олар 9 056 рейд жүргізді. Нәтижесінде рұқсат етілмеген жерлерде от жағу, ауыл шаруашылығы алқаптарында құрғақ шөптің бақылаусыз жануы, орылған шөпті жағу және басқа да өрт қауіпсіздігі ережелерін бұзғаны үшін 2 589 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

"Бірінші сәуір – өрт қаупі кезеңі басталғаннан бері қабылданып жатқан шараларға қарамастан Шығыс Қазақстан, Павлодар, Ақмола, Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Алматы, Қарағанды, Ақтөбе, Қызылорда, Атырау, Батыс Қазақстан, Түркістан және Жамбыл облыстарында 485 орман және 35 дала өрті болды. Дала алқабында 2 015 өрт тіркелді. Өрттің жалпы аумағы 132 мың гектардан асты. Алматы, Солтүстік Қазақстан облыстарында орман-дала өрттерінен басқа 200 гектар егіс алқабы 3 рет жанды. Ақмола, Шығыс Қазақстан, Қарағанды және Павлодар облыстарындағы табиғи өрттің  салдарынан 4 адам қайтыс болып, 3 адам жарақат алды", – деді Марат Хасенов.

Қанат Махамбет 
 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу