№ 1 индустриалдық парк аумағында "Бір белдеу, бір жол" халықаралық әріптестік аясында құрылғылар құрылысы кәсіпорны салынбақ, деп хабарлайды astana.gov.kz.
Тиісті меморандум "Астана қаласының инвестициялар және даму басқармасы" басшысы Әлішер Әбдіқадыров пен "Beijing DianLianYu Technology Co" қытай корпорациясының басшысы Хуанг Ченг арасында жасалды.
Электр өлшеуіштер, байланыс модульдері, құрамдас бөлшектер, трансформаторлармен басқа да құрылғылар шығаратын өндіріс орнын құру жоспарлануда. Бұл жобаға 200 миллион доллар инвестиция құйылады деп бағаланған.
Бастапқы кезде 40-қа жуық жұмыс орнын құру жоспарлануда. Өндіріс көлемі ұлғайған соң оның саны 120-ға дейін жетеді. Айта кету керек, бағдарламалық жасақтамасы бар жоғары технологиялық өлшеуші электр құрылғыларды Astana Smart city саласын қамтамасыз ету үшін де қолданылу жоспарланған.
Бүгінгі таңда "Beijing DianLianYu Technology Co" компаниясы Қытайдағы және Оңтүстік-Шығыс Азиядағы экспорттаушы ірі өндіруші кәсіпорын болып табылады.
Жалпы, бүгінгі күнге №1 Индустриалдық парк аумағында құны екі жүз алпыс бес миллиард теңгені құрайтын 66 инвестициялық жоба жүзеге асырылуда. Оның ішінде 41 өндіріс орны іске қосылған. Экспортқа шығарылатын өнім көлемі жиырма миллиард теңгеден асады. 3000-қа жуық жұмыс орны ашылды.