200 млн теңгеге салынған бөгет тасқын суға төтеп бере алмады

457

Қостанай облысы Шиелі ауылында осыдан жаңадан салынған бөгетті су шайып кетті. 

200 млн теңгеге салынған бөгет тасқын суға төтеп бере алмады Фото: YouTube

Құны 200 млн тұратын бөгет 2 жылға да шыдамаған. Оның құрылысына жауаптылар ісі сотта қаралуда. Ал, Ақтас ауылының тұрғындары тасқын сумен өздері күресуге мәжбүр. Ауылды Арқалық қаласына жалғайтын төте жолды су басты. Мұндай оқиға 30 жыл бойы қайталанып келеді.  Алайда, жергілікті билік өткеннен сабақ алмаған. 

Жангелдин ауданы Шиелі ауылының тұрғындары осы бөгетте жиналған суға мал суарып, күнделікті тұрмыс-тіршілікке де қолданатын. Өйткені, жалғыз құдықтың суы жетпейді. 2020 жылы осы бөгетке күрделі жөндеу жасалды. Халық енді суға қарық боламыз деп ойлаған еді. 

Бөгет те, оны жөндеуге  бөлінген  200 млн теңге де ағын сумен шайылып кетті. Ал, осы құрылысқа жауапты аудан әкімдігінің тұрғын үй коммуналдық шаруашылық бөлімі басшысының, мердігер компания мен сарапшының үстінен қылмыстық іс қозғалған. Оларға  81 млн теңге жымқырды деген айып тағылып, іс сотта қаралуда.  

Тұрғындар тасқын сумен өздері күресуде

Ал, Ақтас ауылының тұрғындары Арқалық қаласына қатынау үшін қауіп-қатерге басын тігуге мәжбүр. Тасты өзені тасып, су жолдың үстіне 45 сантиметрге көтерілген.  

"Ағыс болып жатқан жерде құтқарушылармен кезекшілік ұйымдастырылды. Құтқару бекеті қойылды халыққа қауіп жоқ. 24 наурыздан бастап су көтерілді, қазір төменге түсіп жатыр", дейді Облыстық төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары Азамат Орымбаев. 

Ауыл әкімі тұрғындарды жинап, суды өз күшімен бөгеп, басқа тұстан Арқалыққа  қатынайтын уақытша жол жасаған. Алдағы уақытта тасқынға төтеп беретін тура жол салу әкімдіктің жоспарында бар. Алайда, құрылысқа қажет жер учаскесі жекеменшіктің қарамағында көрінеді. Көктемде қатынассыз қалатын ауыл тұрғындарының жанайқайы 30 жыл өтсе де әлі бір шешімін таппаған. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу