2000 жылдан кейін туған азаматтардың аға буынмен салыстырғанда біліктілігі төмен – Тамара Дүйсенова

924

Бала туу көрсеткіші жақсарған 2000 жылдан кейін дүниеге келген жастар еңбекке араласа бастады. Енді жұмыс табу мәселесі қазіргіден де күрделене түседі деген жорамал бар. Әлбетте, дипломдарын енді ғана қолға алған жастардың тәжірибесі аз, сәйкесінше жұмыс берушілер бірден қабылдай қомайтыны түсінікті. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова осы мәселеге алаңдап отырғанын жасырмайды. 

2000 жылдан кейін туған азаматтардың аға буынмен салыстырғанда біліктілігі төмен – Тамара Дүйсенова

Ол бұл туралы Дүниежүзілік банк (ДБ) өкілдерімен кездесу кезінде ашық айтып, олардан жұмысшылардың кәсіби деңгейін көтеру жөнінде кеңес беруді сұрады, деп жазады inbusiness.kz тілшісі.

"Қазір еңбек нарығына 2000 жылдан кейін туған азаматтар шыға бастады. Олардың қажеттілігі жоғары. Бірақ аға буынмен салыстырғанда біліктілігі төмен. Қазір біздің алдымызда "дипломы бар, бірақ кәсіби деңгейі жұмыс берушінің сұранысына сай келмейтін мамандарды қайтеміз?" деген сұрақ тұр. Біз қысқа мерзімді оқыту және біліктілікті көтеру курстарын ұйымдастырамыз. Осылайша онлайн оқыту платформасы арқылы қосымша дағдыларды меңгеру мүмкіндігін ұсынамыз. Сондықтан осы мәселе бойынша сіздердің кеңестеріңізге жүгінгіміз келеді. Жұмысшы жастардың және аға буынның біліктілігі мен кәсіби деңгейін көтеруге бағытталған халықаралық тәжірибе жөнінде ұсыныстарыңызды айтсаңыздар", – деді министр. 

ДБ өкілдері кез келген мемлекеттің адам капиталындағы индексінде білім беру деңгейінің маңызды екенін атап өтті. Осыған байланысты ҚР Білім және ғылым министрлігіне (БҒМ) бірқатар ұсыныс жолдады.

Сонымен бірге Тамара Дүйсенова Ұлттық біліктілік жүйесін (ҰБЖ) қалыптастыру бойынша бірлескен жұмысты жалғастыруды ұсынды.

"Біз ҰБЖ құру бойынша жұмыс жүргізіп жатырмыз. Жаңа кәсіби стандарттар әзірлеп, бұрынғыларын өзектендіру бойынша жұмысты жалғастырамыз. БҒМ-мен бірлесіп жұмыс істейміз. Бұл ҰБЖ шеңберінде кәсіптік бағдарлау мектептерде басталып, ал оқу орындары болашақ мамандарды өзекті кәсіптік стандарттарға сәйкес оқытуы үшін керек. ҰБЖ бойынша серіктес болып қаламыз және бірлескен жұмысты жалғастырамыз деген ойдамыз", – деді Тамара Дүйсенова.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі ДБ өкілдеріне ҚР Әлеуметтік кодексін әзірлеу бойынша жүргізіліп жатқан жұмыс жөнінде де айтты. Осыған байланысты зейнетақымен қамту, әлеуметтік қолдау және әлеуметтік сақтандыру жүйелеріне қатысты сараптамалық қорытынды беруді сұрады.

Өз кезегінде Дүниежүзілік банктің Қазақстандағы Тұрақты өкілі Жан-Франсуа Марто ДБ талқыланған барлық мәселе бойынша техникалық қолдау көрсетуге дайын екенін жеткізді.

"Иә, әрине, біз сіздермен халықтың дағдыларын арттыру саласындағы халықаралық тәжірибені бөлісуге және өз ұсыныстарымызды айтуға дайынбыз. Сондай-ақ Қазақстанда ұлттық біліктілік жүйесін қалыптастыру бойынша ынтымақтастықты жалғастыруға ынталымыз. Әлеуметтік кодексті әзірлеу мәселелері бойынша біз мереке күндерінен кейін мамандарыңызбен бірлесіп жұмыс істей алатын жақсы сарапшы ұсынуға әзірміз", – деді Жан-Франсуа Марто.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу