Мәселен, 2001-2005 жылдары жарық дүниеге келген Z ұрпақ арасында қарызын төлей алмай, дефолтқа ұшырап жатқандар бой көрсетуде, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Әлеуметтанушылар көбіне бұл буындағыларды "жылтыраққа құмар" деп бағалайды, қаржылық жағдайына қарамастан қымбат смартфон мен бағалы киімдер алуға ұмтылатындары көп. Сол үшін алдағы уақытта Z ұрпақтың әсерінен елдің несие портфелі арта түсуі мүмкін. Бұны Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің талдауынан көруге болады.
Қазақстанда жеке қарыз алушылардың көпшілігін "миллениалдар" деп аталатын 1982-2000 жылдар аралығында туған адамдар құрайды. Бір жақсысы, ғасырлар тоғысында туып-өскен бұл ұрпақ өздерін жауапты тұлға ретінде көрсете алыпты. Соның арқасында миллениалдардың жалпы кредиттік тарихы, несиелерінің сапасы басқа ұрпақтарға қарағанда жақсырақ.
Ал, кепілі бар қарыздар бойынша дефолттар мен банкроттыққа көбінесе 1963-1981 жылдар аралығында дүниеге келген Х ұрпағының өкілдері жол беруде.
1943-1962 жылдар аралығында, соғыстан кейінгі кезеңде өмір есігін ашқан ұрпақ арасында көбіне-көп әйелдер кепілсіз тұтынушылық кредиттер бойынша дефолттарға тап болған.
Айта кетейік, 2024 жылдың 1 қазанында еліміздегі жеке тұлғалардың банктер алдындағы жалпы берешегі 22,7 трлн теңгеге жеткен. Оның 49,1 пайызы жай тұтынушылық мақсатта алынған. 8,9 млн қазақстандықтың кредиті бар.