2015-2019 жылдарға арналған жол инфрақұрылымын дамыту бағдарламасы аяқталды

865

Республикалық маңызы бар 10 мың шақырым жол жөнделді.  

2015-2019 жылдарға арналған жол инфрақұрылымын дамыту бағдарламасы аяқталды

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Автомобиль жолдары комитетінің төрағасы Сайранбек Бармақов 2015-2019 жылдарға арналған жол инфрақұрылымын дамытуға арналған "Нұрлы жол" мемлекеттік бағдарламасы аясындағы жұмыстарды жүзеге асыру аяқталғанын мәлім етті.

"Оның аясында республикалық маңызы бар автомобиль жолдарының 3 мың шақырымының құрылысы және қайта жаңарту жұмыстары жүргізіліп, шамамен 10 мың шақырым жол жөнделді. Жолдардың 612 шақырымында төлем алу жүйесі енгізілді. Автомобиль жолдары саласындағы жұмыстарға 100 мыңға жуық адам жұмылдырылды. Сонымен қатар, жергілікті маңызы бар жолдардың 15 мың шақырымы жөнделді. Аталмыш шаралар жақсы және қанағаттанарлық жағдайда республикалық маңызы бар жолдардың үлесі 88%-ға, ал жергілікті маңызы бар автожолдардың үлесін 71%-ға жеткізуге мүмкіндік берді. 1 және 2 техникалық санаттағы республикалық маңызы бар жолдардың ұзындығы 34%, 8200 шақырымға ұлғайтылды", – деп айтып өтті Сайранбек Бармақов.

Оның айтуынша, 2020-2025 жылдарға арналған "Нұрлы жол" мемлекеттік бағдарламасы басталды. Жоба аясында алдағы 6 жылда 10 мың шақырым жол салу және реконструкциялау, республикалық желідегі 11 мың шақырым автомобиль жолын орташа және күрделі жөндеуден өткізу жоспарланған.

"Бағдарламаны қаржыландырудың жалпы көлемі 3,5 трлн теңгені құрайды. Жақсы және қанағаттанарлық жағдайда республикалық маңызы бар автомобиль жолдардың үлесі 100%-ға жеткізіледі. 1 және 2 техникалық санаттағы республикалық маңызы бар жолдардың үзындығы 60%-ға дейін арттырылатын болады", – деген Сайранбек Бармақов жергілікті жолдардың 27 мың шақырымынан астамы жөнделетінін айтып өтті.

Бұл облыстық және аудандық маңызы бар жолдардың 95%-ын жақсы және қанағаттанарлық жағдайға жеткізуге мүмкіндік бермек.

Нұржан Көшкін

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу