2016 жылғы инфляция 8,5% деңгейінде қалыптасты. Бұл туралы Алматыда бүгін өткен брифинг барысында мәлім болды. Ұлттық банк басшысы Данияр Ақышевтың айтуынша, бұл тұтастай алғанда Ұлттық банктің бағалауына сәйкес келеді, деп хабарлайды "ҚазАқпарат" ХАА.
"2016 жылғы 4-тоқсанда жекелеген тауарларға ұсыныстар тарапынан болған күйзелістердің салдарынан дәліз аздап ұлғайды. Ұлттық банктің бағалауы бойынша, 2017 жылғы 1-тоқсанда осы күйзелістердің инфляциялық процестерге ықпалы азаятын болады. Тұтастай алғанда, біз жылдық инфляцияның одан әрі төмендеуін күтіп отырмыз. 2017 жылғы қаңтар-ақпанда жылдық инфляция бойынша нысаналы бағдарға (6-8%) қол жеткіземіз деп отырмыз", деп мәлімдеді Д. Ақышев.
Оның айтуынша, инфляциялық күтулер халық арасында бір қалыпқа түсіп келеді.
"2016 жылғы желтоқсанда инфляциялық күтулер қалыпты сипатта екендігі анықталды. Респонденттердің 2016 жылғы желтоқсанда бағалар мереке алдында өседі деген қаупі ақталған жоқ. Бұл ретте соңғы 12 айда бағаның өсуін күткен респонденттердің үлесі, жаңа жылда бағаның ағымдағы өсу қарқынын күткендердің есебінен аздап өсті. Халықтың инфляцияны қабылдауы біртіндеп жақсарып келеді. Респонденттердің көпшілігі өткен айда бағаның қалыпты өсуін атап өтті", – деді ол.