ҚР Ұлттық спорт түрлері қауымдастығы көкпар ойынын әлемдік деңгейде дамыту мәселелеріне арналған семинар-кеңес өткізді. Жиын 2017 жылы ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрме қарсаңында Астанада көкпардан әлем чемпионатын өткізу жайын талқылады, деп хабарлайды BAQ.kz.
"ҚР Ұлттық спорт түрлері қауымдастығының бүгінгі семинар-кеңесті өткізудегі басты себебі 2017 жылы елімізде "ЭКСПО-2017" халықаралық көрмесі өтеді. Осы көрме кезінде Астанада Көкпардан әлем чемпионатын өткізуді жоспарлап отырмыз. Және осы додаға көкпар ойыны дамыған, осыған (көкпарға – ред.) ұқсас ойын түрлері бар елдерді шақырып отырмыз. Соған орай көкпардың халықаралық талапқа сай ережесін бекітпекпіз" - дейді ҚР Ұлттық спорт түрлері қауымдастығының президенті Бекболат Тілеухан.
Бұл жарысқа қатысуға қазірдің өзінде жиырмаға жуық ел ынта білдіруде. Бүгінгі семинар-кеңеске Венгрия, Ресей, Қытай, Моңғолия, Өзбекстан сынды бірқатар мемлекеттердің ұлттық спорт мамандары арнайы шақырылған. Сонымен қатар Әлем чемпионатының өтетін уақыты да белгіленіп қойыпты.
"Көкпардан әлем чемпионаты 25-28 тамыз аралығында өтеді деп жоспарланып, қаржысы қарастырылып қойды" – дейді ҚР МСМ Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің Ұлттық спорт басқармасының басшысы Мақсат Қойшыбаев.