2017 жылыда да Еуропа экономикасы оңала қоюы екіталай

1154

2017 жылыда да Еуропа экономикасы оңала қоюы екіталай

Осыдан бірнеше жыл бұрын Еуро-аймақтың интеграциясы мен ЕО-ның дамуы туралы әлемнің ақпарат кеңістігінде жапа-тармағай сөз болып жататын. Бүгінгі күнде Еуропаның болашағы туралы пікірлер ала-бөтен күйге өтті. ЕО-ға өтіп бара жатқан жыл ішінде келеңсіз оқиғалардың өзі де оған мүше елдерді әбден шаршатты. Әсіресе экономикадағы бұлғақтар Еуропалық Одақтың түбіне жетуге шақ тұр, деп жазады qazaqtimes.kz.

Америкалық және қытайлық беделді ақпарат агенттіктердің сараптамаларына назар аударар болсақ, ондағы айтылып жатқан сөздер де еуропалықтардың көңілін көншіте қоймайды. Бүгін түске дейін жарияланған "Шинхуа" агенттігінің осы тақырып жөніндегі мақаласы да "2017 жыл ЕО-ға тыныштық әкелмейді" деген пікірге түйіндепті.

Қазір әлемдік БАҚ-та сөз болып жүрген "Black swan event" дейтін сөз бар. Бұны сөз бе сөз аударсақ "Қара аққу оқиғасы", яғни, күтпеген болжаусыз істер. Бұл Еуропа үшін табиғи апаттар ретінде туындағаннан көрі  экономикада туындауы ең қауіпті саналуда. Осы болжаусыз бұлғақтар Еуропа экономикасын аз болмаған шығындарға ұшыратты. Тіпті соның салдарынан "Күн батпас елміз" дейтін Ұлы Британияда ортақ өгізден оңаша бұзауын артық көріп, ЕО-дан басын алып қашты. Егер жағдай осылай жалғаса берсе, одақтан іргесін аулақ салатын елдер онымен шектеліп қалмас.

Десе де, ЕО-дан күдерін үзбеген мемлекеттер де бар. Айталық, Германия қазіргі кезде ЕО-ны сақтап қалу үшін барын салып жатқан елдердің бірі. Солай болса да, Германияның канцлері Ангела Меркель ЕО саммитінде одақтың халі тым мүшкіл екенін ашық айтты. Еуропаның Орталық банкі қазір қалпына келтіру шараларын үдемелі түрде жалғастырып жатыр. Десе де, "Қара аққу" қайта бір бой көрсетсе шыдастық бере ала ма, жоқ па, ол жағы әлі беймәлім.

Қазіргі кезде еуроның құны долларға шаққанда 1,4 пайызға дейін құлдырады. Яғни, 2003 жылдан бергі көрінген ең төменгі шекті көрсетті. Бұл құрамына неше ондаған мемлекетті қамтып отырған алып одақ үшін тым сүркейлі көрініс. Еуро экономикасы жыл басымен салыстырғанда 6 пайызға төмендесе, оны тұтас жыл бойына шаққанда 9 пайызды құрайды. Еуропа Одағы жыл аяғын осы есеппен жапса, жаңа жылды қарсы алу көңіл күйі де тым шіркін-ай болмас.

"Ол түйе де біздің жүгіміз жоқ" деп табалауға келмейді. Қазір әлем экономикасы бір-бірімен бітеқайнасып жатыр, Азияның шығысынан тапқан жіптің бір ұшығын тартар болсаң, Еуропаның қолқа жүрегі солқылдайтын күйде. Мұндай күйді біле тұра Еуропаның осы құлдырауы бізге де салқынын тигізбейді деуге келмес. ЕО-ның жағдайы белгілі бола бастаған жыл басында елімізде бірқатар шаралар жасалатыны айтылған. Мейлі қалай десек те Қазақстан қазір шырма-шату әлем экономикасына сабақталып, соның теңізінде келеді.

Жыл соңы күрделі халықаралық саяси-экономикалық істерге толы болғанын байқаймыз. Елімізде осының бәрін саралап, сараптап қарап, қатысты сақтану мен айналып өту шаралары тыңғылықты болса деген талап-тілектеміз.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу