2018 жыл - Павлодар облысының экология жылы болып жарияланды. Бұл туралы облыс әкімі Болат Бақауов 2017 жыл қортындылары мен биылғы жылдың жоспарлары туралы халық алдындағы есебі кезінде атап өтті, деп хабарлайды pavlodarnews.kz.
"Бүгінгі таңда қоршаған орта - өңіріміздегі ауқымды маңызы бар мәселе, - дейді аймақ басшысы. - Тұрақты сараптама жүргізу мақсатында әлеуметтік зерттеу жүргізілді. Белгілі болғандай, көпшілік қауымды экология мәселесі толғандырады. Облыстық мәслихаттың депутаттарымен, қоғамдық кеңеспен және экологтармен кеңесе келе, 2018 жылды Павлодар облысындағы экология жылы деп жариялау туралы шешім қабылданды. Негізгі мақсатымыз -өңірдің экологиялық жағдайын жақсарту. Мәселе бір жылда шешімін таппайтыны анық, дегенмен биыл ауқымды жобаларды қолға аламыз".
Болат Бақауовтың айтуынша, бұл бағыттағы жұмыстар басталып кеткен. Бүгінгі таңда облыс орталығының тұрғындары атмосфералық ауаның қандай екендігін қаланың төрт лэд-экранынан көріп біле алады. Олар Сәтбаев-Кривенко, Естай-Кутузов, Сәтбаев-Торайғыров және темір жол сапаржайында орналасқан.
"Біз қала сыртын, аулаларды, жол бойын жасылдандыру және оларды сақтау бойынша нақты жоспарлар құрдық. Ертіс алқабы облыс тұрғындарының табиғат аясындағы сүйікті орындарының бірі екені белгілі. Ал, көп жағдайда адамдар өздерінен кейін қоқыстарды қалдырып кетіп жатады. Ал, әр адам өзінен кейін қоқыс қалдырмаса және қоршаған ортаға бей-жай қарамаса, осының өзі экологияның жақсаруына қосқан үлкен үлесі деп білемін", - деді облыс әкімі.