2018 жылдан бастап ауылдар өз бюджетін өз бетінше қалыптастырады, деп хабарлайды Ақмола облысының әкімдігі.
Облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының мәліметіне сүйенсек, қазір жергілікті өзін-өзі басқару туралы заң жобасы үкіметте. Дәлірек айтсақ, бюджеттің төртінші деңгейін қалыптастыру мәселесі қаралып жатыр.
"2018 жылдан бастап республикалық, облыстық және аудандық дәстүрлі бюджет деңгейлерінен басқа, ауылдардың өз бюджеті енгізіледі. Сондай-ақ халық саны 2 мыңнан асатын әкімшілік-аумақтарда, ал 2020 жылдан бастап барлық жерде коммуналды меншік аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент, ауылдық округтерге беріледі", – деп жазылған хабарламада.
Осыған орай өңірлерде заң жобасын түсіндіру үшін ақпараттық-түсіндіру топтары құрылған. Бүгінгі таңда семинар-кеңестер Бурабай, Зеренді аудандарында және Көкшетау қаласында өткізілген.
Семинар барысында жергілікті өзін-өзі басқару бюджетінің кіріс бөлігін қалыптастыру, бюджетті бекіту мәселелері, жергілікті өзін-өзі басқару органдарының штат саны мен жарақтандырылуы, әкімшілік есепке алуды жүргізу, ауылдың бекітілген бюджетін атқару мәселелері талқыланды.