2018 жылдан бастап барлық жетімдер үйі қиын жағдайда қалған отбасылар мен балаларды қолдау орталықтарына айналады. Орталықтар ата-ананың қамқорлығынсыз қалған балалар келешек отбасын тапқанға дейін паналайтын уақытша орын ретінде қарастырылмақ, деп хабарлайды inform.kz.
"Отбасыны қолдау орталығында бала жанұяға қайта оралғанға дейін болады. Онда балалар үйінің тәрбиеленушілері болмайды. Бала тек белгілі бір уақытқа, құжаты рәсімделіп біткенше, асырап алушы құжатын реттеп болғанға дейін қалады", – дейді білім және ғылым министрлігі балалар құқығын қорғау комитетінің төрағасы Ержан Ерсайынов балалар үйлерін трансформациялауға арналған жиында.
"Орталық арқылы бала асырап алуға құлықты ата-анамен псиxологиялық дайындық сабағы, сонымен қатар жетім баланы отбасыға орналастыру жұмысы жүргізіледі. Бізде баланы қайтадан балалар үйіне тапсыру оқиғасы жиі кездеседі. Мұның барлығы псиxологиялық дайындықтың жоқтығынан", – дейді ол.
Комитеттің мәліметіне жүгінсек, баланы қайта тапсыру оқиғасының үлесі – 16 пайыз. Жалпы балалар үйлеріндегі жеткіншектер саны жыл сайын 1 мыңға азайып келеді. Жаңа отбасын тауып жатқан балалардың саны артты. Былтыр Астана мен Алматы қалаларында сынақ ретінде ашылған Отбасын қолдау орталықтары өз нәтижесін бере бастаған.
"Қазір енді осы орталықтарды өзге де балалар үйлерінде ашуды көздеп отырмыз. Біз оның заңнамалық жағын реттеу жұмысын бастадық. Келесі жылдан бастап бұл тәжірибені республика барлық аймағында енгіземіз. Осындай орталықтар ашылса, Қазақстанда жетімдер үйі болмайды", – дейді Ержан Ерсайынов.