Бүгін ҚР премьер-министрі Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен өткен ҚР үкіметі отырысында "ҚР кейбір заңнамалық актілеріне кәсіпкерлік қызметті реттеуді жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Заң жобасы қаралды, деп хабарлайды primeminister.kz.
Заң жобасы барлығы 13 кодекс пен 103 заңға 1 000-ға жуық түзетулер енгізеді.
Заң жобасының негізгі жаңашылдығының бірі — алдын ала бақылау жүйесін енгізу. Бұндай реформа тексеруші органдардың құқық бұзушылықтардың қазір қолданыстағы "анықтау және жазалау" саясатының орнына "алдын алу және ескерту" саясатына ауысып, ұстанымдары мен іс-қимылдарын түбегейлі өзгертуі тиіс.
Жұмыстың қорытындысы бойынша заңнамалық негізде қайталану мен тиімділіктің жоқтығынан бақылау мен қадағалаудың бірқатар салаларын жою, мемлекет пен тұтынушының қауіпсіздігіне қауіп тудырмайтын әрі қайталанатын салаларды, кәсіпкерлік субъектілерін тексеру бойынша талаптарды қысқарту ұсынылуда.
Шараларды іске асыру нәтижесінде 2018 жылға қарай жалпы тексерулер саны 30%-ға қысқартылып, шамамен 70 мыңды құрайды, ал 2020 жылға қарай тағы 10%-ға қысқартылады.
Бизнестің маңызды жүктемелерінің бірі — ақпараттық құралдардың тым көп болуы. Түгендеу нәтижесі бойынша бизнеске 1 600-ден астам ақпараттық талаптар анықталды, олардың көпшілігі бақылау функцияларымен немесе мемлекеттік статистикалық есептілік формаларымен қайталанады. Ақпараттық құралдарды реформалау мақсатында олардың санын 30%-ға төмендетіп, соңғы тізімді бекіту көзделіп отыр.