Өткен жылдың қорытындыларына сәйкес Нұр-Сұлтан – Шучинск, Нұр-Сұлтан – Теміртау, Алматы – Қорғас және Алматы – Қапшағай ақылы жолдарынан түскен түсім 5,4 млрд теңгені құрады. Ол қаражаттың 3,8 млрд теңгесі ақылы автомобиль жолдарын, 1,6 млрд теңгесі төлем алу жүйесін күтіп ұстау шараларына жұмсалды, деп хабарлайды ҚР ИИДМ баспасөз қызметі.
2018 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда, өткен жылы ақылы жолдардан 3,5 есеге артық қаражат түсті. Өйткені арғы жылы Қазақстанда Нұр-Сұлтан – Шучинск жолы ғана ақылы болатын. Жыл сайын бұл жолдан түскен түсім көлемі 1,5 млрд теңгені құрады. Бүгінгі таңда елдегі ақылы жолдардың жалпы ұзақтығы – 682 шақырым.
2019 жылдың желтоқсанында инвестициялық конкурстың қорытындылары бойынша Консорциуммен жолдардың 11 мың шақырымында төлем алу жүйесін орнату және оны күтіп ұстау туралы құжатқа қол қойылды. Келісімге сәйкес биыл қайта құрылымдаудан өткен 5,7 мың шақырымдық жол учаскелерінде төлем алу жүйесі орнатылады деп жоспарланып отыр. Жолдардың қалған 5,3 мың шақырымы 2024 жылға дейін қайта құрылымдау шараларының аяқталу мерзіміне байланысты ақылы болмақ.
Ақылы жолдар жүйесін енгізу арқылы сол жолдардың күтіміне бюджеттен қаражат бөлінбейтін болды. Яғни барлық шығын жиналған қаражат есебінен қамтамасыз етіледі.