Биыл зейнетақылық активтер 10 трлн теңгеден асып, қыркүйектің соңында жалпы сомасы 10,4 трлн теңге болды. Бұл өткен жылғы көрсеткішпен салыстырғанда 17,2%-ға артық. Соңғы бес жылда зейнетақылық активтер жыл сайын 19,5%-ға өсуде.
2018 жылы ЖІӨ-дегі зейнетақылық активтердің үлесі бір жылда 14,3%-дан 15,5%-ға көтерілді. Бұған жұмыспен қамтылған халық санының 2%-ға, ал орташа айлық жалақының 7,5%-ға артуы түрткі болып отыр.
Осы факторлар және бірқатар әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштер жеке зейнетақылық шоттың санына,зейнетақылық жарна мөлшеріне оң әсерін тигізеді. 2018 жылы салымшылардың саны 1,8%-ға өсіп, 10,1 млн болды. Ал 2019 жылдың қыркүйек айында жеке зейнетақылық шот саны 10,3 млн-ға жетті.
2019 жылдың қаңтар және қыркүйек айлары аралығында инвестициялық кіріс 481,9 млрд теңгеге жетті. Ал зейнетақылық активтердің кірістілігі соңғы 12 айда 8,4%-ға жетті.
БЖЗҚ комиссиясының мөлшерін жыл сайын ҚР Ұлттық Банкі бекітіп отырады. 2014 жылдан бастап комиссиялық сыйақы мөлшері тұрақты түрде төмендеуде. 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап инвестициялық кірістің комиссиялық сыйақысы 2%-ға дейін, ал зейнетақылық активтердікі айына 0,011% -ға кемитін болады.
Табиғат Нұрболат