Биыл автомобиль жолдары комитеті Дүниежүзілік Банкпен бірлесіп жолдардың сапасын бағалауға арналған EuroRAP жүйесін енгізбек. Бұл туралы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің баспасөз қызметі мәлімдеді.
ДДСҰ есебі бойынша Қазақстандағы жол-көлік апаттарынан болатын өлім-жітім көрсеткіші 100 мың көлік құралына шаққанда 71,8 адамды құрайды.
Елімізде EuroRAP жүйесін енгізу автомобиль жолдарындағы қауіпсіздік деңгейін арттыруға мүмкіндік беріп, ЖКО санының азаюына ықпал етпек. Жолдардың жай-күйін бағалауға арналған еуропалық бағдарламада арнайы жабдықталған көліктіктер, бағдарламалық қамтамасыз ету қондырғылары мен біліктілік курстарынан өткен мамандар жұмыс істейді. Мамандар EuroRAP аясында жолда болатын 50-ден астам түрлі факторларға ерекше көңіл бөлінетінін айтуда.
"2020 жылдан бастап жол қозғалысы қауіпсіздігін арттыру бағытында бюджетті егжей-тегжейлі әзірлеумен қоса, республикалық маңызы бар автомобиль жолдарының 5 мыңнан астам және қалалардағы көшелердің 1000 шақырымында EuroRAP жол инфрақұрылымы қауіпсіздігін талдау шаралары жүргізіледі деп жоспарлануда. Бұдан бөлек, "EuroRAP-тың озық білімі ұлттық платформасының" базалық құжаттары әзірленіп, EuroRAP жүйесін ұлттық заңнамаға енгізу жөніндегі егжей-тегжейлі ұсыныстар дайындалады деп жоспарланған", –делінген ИИДМ таратқан хабарламада.
Жолдардың жай-күйін бағалауға арналған еуропалық бағдарламаны енгізуде Swedish National Road Consulting AB швед компаниясы кеңес береді. Ал Қазақстан мен Швеция бірлескен QAZAQ Research Institute for Road Traffic Safety көмекші-кеңесші қызметін атқармақ.