2020 жылы Қазақстанда 48 ірі сүт фермасы іске қосылды

1380

Олардың барлығы импортты алмастыруға негізделген.  

 2020 жылы Қазақстанда 48 ірі сүт фермасы іске қосылды

Өткен жылы ауыл шаруашылығы саласында импорттық өнімдерді алмастыру жоспары бойынша Қазақстанда 48 тауарлы сүт фермасы, 3 ет комбинаты іске қосылды. Бұл туралы Ауыл шаруашылығы министрлігі Стратегиялық жоспарлау және талдау департаментінің директоры Сәуле Молдабаева мәлім етті, деп хабарлады inbusiness.kz тілшісі. 

"Коронавирус пандемиясы жағдайында бүкіл әлем елдерінде ауыл шаруашылығының азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі рөлінің артқанын байқадық. Сондықтан Қазақстан үшін импортты алмастыру басымдыққа ие үлкен мәселе.  Ішкі нарықты әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларымен толықтыру жөніндегі міндет аясында біз ішкі нарықта импортты қысқарту қажет позицияларды айқындадық. Бұл – құс еті, шұжық өнімдері, ірімшік және сүзбе, алма, қант және балық өнімдері", – деді ведомство өкілі.

Аталған өнімдердің өндірісін ұлғайту үшін министрлік азық-түлік қауіпсіздігі саясатына сәйкес келетін инвестициялық жобаларды қолдауға баса назар аударады. Басымдыққа ие өнім өндірісін дамытуға тілек білдірушілер жеңілдетілген несиемен және субсидиямен қамтамасыз етіледі.

"Өткен жылы ауыл шаруашылығының импорттық өнімдерін алмастыру жоспары бойынша Қазақстанда 48 тауарлы сүт фермасы, 3 ет комбинаты, ет бағытындағы 8 құс фабрикасы, балық өндіретін 3 ферма іске қосылды және 1800 гектар жерге қарқынды алма бақтары отырғызылды", – деді спикер.

Бұған қоса 2024 жылға дейін Жамбыл облысында 19 ет өндіретін құс фабрикасын, 9 ет өңдеу кәсіпорнын, 8 тауарлы балық өсіру  жобасын, сондай-ақ жаңа қант зауытын іске қосу жоспарлануда.

Сонымен қатар жыл сайын 35 өнеркәсіптік тауарлы сүт фермасы іске қосылып, 2 мың бақ ашылады.

 Сәуле Молдабаеваның айтуынша, министрлік жүргізіп жатқан жұмыс 2023 жылдың соңына қарай импортқа тәуелділік мәселелерін шешуге және елдің азық-түлік тәуелсіздігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

 Құралай Құдайберген

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу