2021 жылдың мүлік салығын әлі 1,8 млн адам төлемеген

597

Оның жалпы сомасы 7,1 млрд теңге. 

2021 жылдың мүлік салығын әлі 1,8 млн адам төлемеген

2022 жылдың 1 қазанында жылжымайтын мүлік және жер учаскелерінің меншік иелерінің 2021 жылға есептелген мүлік салығын төлеу мерзімі аяқталады. Салық төлеу мерзімінің аяқталуына небәрі жарты ай қалса да, меншік иелерінің 37,5%-ы салық міндеттемесін әлі орындамаған. Бұл туралы ҚР ҚМ Мемлекеттік кірістер комитетінде хабарлады, деп жазды inbusiness.kz.

Салық заңнамасына сәйкес алдағы салық сомалары бойынша хабарламалар биылғы жылдың шілде айында меншік иелеріне жіберілген болатын. Бұдан басқа, Kaspi.kz мобильді қосымшасын пайдаланушыларға PUSH-хабарламалар түрінде жіберілді.

Сонымен бірге бүгінгі күні шамамен 1,8 млн меншік иесі (немесе 37,5%) 2021 жыл кезеңге 7,1 млрд теңге сомасына мүлік салығын төлемеген.

Осыған байланысты, Мемлекеттік кірістер комитеті 2022 жылдың 2 қазанынан бастап жеке тұлғалардың салық берешегі туралы хабарламаларды борышкерлерге жіберетінін еске салады.

"1 айлық есептік көрсеткіштен астам берешек сомалары бойынша хабарлама табыс етілген соң отыз жұмыс күнінен кейін берешекті мәжбүрлеп өндіріп алу туралы салық бұйрығы жіберіледі. Бұл салық бұйрығы 5 жұмыс күні өткеннен кейін жеке сот орындаушыларына мәжбүрлеп өндіріп алу үшін беріледі.

Бұл ретте, жеке сот орындаушылары берешек сомасынан басқа шоттарға тыйым салу және шығуға шектеу қоюдан туындаған қолайсыздықтар туралы айтпағанда, салық берешегі сомасының 25%-на дейінгі мөлшерде қосымша төлемді өндіріп алады.

Осылайша, артық шығындар мен проблемаларды болдырмау үшін мүлік салығын уақытылы төлеуге кеңес береміз", – деп жазылған хабарламада.

Салықты "e-Salyq Azamat" және екінші деңгейлі банктердің мобильді қосымшалары, "Электрондық үкімет" порталы арқылы, банктердің бөлімшеріндегі немесе төлем терминалдары арқылы қолма-қол ақшамен, сондай-ақ банкоматтар мен терминалдардағы банк карталары арқылы төлеуге болады.

Құралай Құдайберген

 

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу