ҚР қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі Қазақстандағы спутниктер қай мерзімде алмастырылатынын жариялады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
"KazSat-2"және "KazSat-3" байланыс спутниктері 2011 және 2014 жылы ұшырылды, сәйкесінше олардың белсенді жұмыс істеу мерзімдері 12 және 15 жылды құрайды. Ал оларды 2023 және 2029 жылдары жоспарлы алмастыру көзделіп отыр", - дейді министрліктен.
Бұдан бөлек, "KazЕОSat-1" және "KazЕОSat-2" Жерді қашықтықтан зондтау спутниктерінің белсенді жұмыс істеу мерзімі 2021 жылы аяқталады.
"Осыған байланысты министрлікпен олардың орнын 2021 жылы жаңа Жерді қашықтықтан зондтау жер серіктерімен амастыру үшін "KazЕОSat-3" және "KazЕОSat-4" жобаларын жүзеге асыру бойынша жоспарлы жұмыстар атқарылуда", - дейді министрлік өкілдері.
Қазіргі таңда Қазақстанда екі ғарыштық жүйе бар. Атап айтқанда, "KazSat-2" және "KazSat-3" байланыс спутниктерден тұратын "KazSat" ғарыштық байланыс жүйесі, сонымен қатар "KazEOSat-1" мен "KazEOSat-2" Жерді қашықтықтан зондтау спутниктерін қамтитын екінші жүйе жұмыс істеуде.