2021 жылы медициналық сақтандыру қорының жарнасы өсті ме?

2815

Айлық есептік көрсеткіштің өсуіне байланысты кейбір азаматтардың міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) қорына төлейтін жарнасы да көбейген.

2021 жылы медициналық сақтандыру қорының жарнасы өсті ме?

Қордың Нұр-Сұлтан қаласындағы филиалы баспасөз қызметінің хабарлауынша, өзін-өзі жұмыспен қамтып жүргендер әлеуметтік медициналық сақтандыруға бір айлық есептік көрсеткіш көлемінде жарна салады. Биыл 1 АЕК – 2917 теңге. Бұл – республикалық және облыстық маңызы бар қалалардағы баға. Ал басқа елдімекендердегі бірыңғай жиынтық көлемін төлеушілер оның жартысын, яғни 1458,5 теңге төлейді.

МӘМС-ке жарна төлейтін басқа санаттағы азаматтардың төлемі сол қалпында сақталған. Айталық, жұмыс істейтін тұрғындар жалақының 2%-ы мөлшерінде төлейді. Жеке кәсіпкерлер, шаруа қожалығы иелері, жеке практикамен айналысатын тұлғалар ең төменгі жалақының 5%-ы мөлшерінде жарна құяды. 2021 жылы ең төменгі жалақының мөлшері өзгерген жоқ, сол 42 500 теңге көлемінде қалды, демек, бұл санаттағы азаматтардың да сақтандыру қорына беретін жарнасы бұрынғыдай  – 2975 теңге.

Азаматтық-құқықтық негізде шарт бойынша жұмыс істейтін тұлғалар табысының 2%-ы мөлшерінде жарна салады, ең жоғарғы төлем – 8500 теңге. Бұдан өзге, азаматтардың 15 санаты бар, арнайы жеңілдігі бар бұл тұлғаларға жарнаны мемлекет төлейді.

"МӘМС жарнасын екінші деңгейлі банктер және Kaspi.kz мобильді қосымшасы арқылы, "Казпочта" АҚ бөлімшелерінде,төлем қабылдау терминалдарымен (Qiwi, Kassa24 және т.б.) төлеуге болады", – деп жазылған баспасөз хабарламасында.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу