2022 жылдың басынан бері мемлекетке 8,3 млн га жер қайтарылды

358

Үкіметте Премьер-Министрдің орынбасары Серік Жұманғариннің төрағалығымен игерілмей жатқан және заңсыз берілген жерлерді қайтару жөніндегі комиссиясының отырысы өтті. 

2022 жылдың басынан бері мемлекетке 8,3 млн га жер қайтарылды Фото: stan.kz

2022 жылдың басынан бері мемлекетке 8,3 млн га (2022 жылы – 5,4 млн га, 2023 жылдың өткен кезеңінде – 2,9 млн га) жер қайтарылды.

Тексеру қорытындысы бойынша Жер ресурстарын басқару комитетінің аумақтық бөлімшелері 835,9 мың га аумақта жер заңнамасын бұзушылықтарды жою туралы 615 ұйғарым енгізді.

Бұдан бөлек, 271,5 мың га бойынша 183 іс сот органдарының қарауында жатыр.

Тексеру қорытындысы бойынша 797 жағдайда заңбұзушыларға жалпы сомасы 156,3 млн теңге айыппұл салынып, оның 68%-ы өндіріліп алынды.

Атап өту керек, тиісті шаралар қабылданғаннан кейін жер пайдаланушылар 689 мың га ауыл шаруашылығы жерлерін қайта игеруге кірісті.

"Жер біздің басқа да табиғи ресурстарымыз сияқты Қазақстан Конституциясымен халыққа тиесілі деп айқындалған. Пайдаланылмайтын жерлерді қайтару мәселесі оларды мемлекеттік меншікке қайтару ғана емес, әрі қарай әділ бөлу болып табылады. Мемлекет басшысы "Ауыл аманаты" бағдарламасы бойынша жеке қосалқы шаруашылықтардың кооперациясын дамытуды ынталандыру міндетін нақты атап өтті. Бірақ егер ауылдарда жайылымдық жерлер болмаса, онда қандай даму туралы айтуға болады? Жерлер бюрократиялық кедергілерге байланысты пайдаланылмай қалмауы тиіс, оны ел экономикасы үшін жұмыс істету керек. Бұл мәселені тезірек және әділ шешудің басқа тәсілдері мен тетіктерін әзірлеу қажет. Барлық көтерілген мәселелерді егжей-тегжейлі пысықтап, оларды шешу бойынша нақты ұсыныстар енгізу қажет. Ал әкімдіктерге өнеркәсіп, цифрлық даму, ауыл шаруашылығы министрліктерінің үйлестіруімен жылжымайтын мүліктің бірыңғай мемлекеттік кадастрын толтыру және өңірлік геоақпараттық жүйелерді іске қосу жөніндегі жұмысты жеделдету керек", — деп атап өтті Серік Жұманғарин.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу