2022 жылы елімізде 113,9 млн тонна қатты отын өндірілді. Бұл 2021 жылмен салыстырғанда 1,9 пайызға жоғары, деп жазады inbusiness.kz.
"2022 жылдың қорытындысы бойынша көмір экспорты 32,5 млн тоннаға жетті. Коммуналдық-тұрмыстық қажеттіліктер мен халыққа 11,03 млн тонна, энергетикалық кешендерге 64,4 млн тонна, сондай-ақ өнеркәсіптік кәсіпорындарға 5,97 млн тонна көмір жөнелтілді", – деп хабарлады ИИДМ.
Министрлік жергілікті атқарушы органдардың деректері негізінде 2022-2023 жылдарға арналған коммуналдық-тұрмыстық сектор мен халықтың қажеттілігіне байланысты көмір өнімдері көлемінің жоспарын дайындады.
Соған сәйкес тұтыну көлемі – 9 млн тоннаға жетпек. Оның ішінде коммуналдық тұрмыстық сектор 2,2 млн тоннаны пайдаланса, халық тұтынатын қатты отынның көлемі 6,8 млн тоннаға жетеді деп болжанып отыр.
Биыл өңірлерге 7,6 млн тонна көмір жеткізілді, бұл қажеттіліктің 84,1%-на тең.
"Биылғы жылыту маусымы кезеңінде қатты отынның тапшылығын болдырмау мақсатында министрлік 2022 жылдың 30-шы қыркүйегінен бастап көмірді елімізден 6 айға автомобиль көлігімен шығаруға шектеп, арнайы бұйрық шығарды", – деді ҚР ИИДМ Көмір өнеркәсібі басқармасының басшысы Жанат Игісінов.
Сонымен қатар ведомство былтыр еліміздегі екінші деңгейлі банктермен бірлесіп, қаржы және сауда ұйымдарының мобильді қосымшалары арқылы әлеуметтік көмірді сату бойынша жобаны қолға алғанын айта кетейік. Қазір аталған тетік арқылы еліміздің 9 өңірінде 17 оператор көмір сатып келеді.