2022 жылы skills.enbek.kz қысқа мерзімді онлайн курстар платформасында 144,2 мың азамат, оның ішінде 23,4 мың жұмыссыз оқыды, деп жазады inbusiness.kz.
"Оқуын аяқтаған барлық пайдаланушылар тиісті сертификаттарға ие болды. Платформада барлығы 191,4 мың қазақстандық тіркелді, оның 178 мыңы 2022 жылы тіркелген.
Оқудан өткен 23,4 мың жұмыссыздың 6,3 мыңы – негізінен Түркістан, Маңғыстау, Ақмола, Жамбыл облыстары мен Астана қаласы жастары", – деп хабарлады Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі.
Платформа іске қосылған сәттен бастап авторлар онда әртүрлі бағыт бойынша 162 курс жариялады, оның 107-і тегін. Курстардың ұзақтығы 1-ден 72 сағатқа дейін.
Ең танымал курстар – "Қызметкерлепді басқару", "Құлпынай өсіру", "Кассир" және "Жылыжайда көкөніс өсіру технологиясы".
Бұдан бұрын хабарлағандай, Платформа халықтың білім деңгейі мен кәсібилігін арттыруға, мансаптық дамуды ынталандыруға және "өмір бойы оқыту" тұжырымдамасын ілгерілетуге бағытталған. Ол маркетплейс – қызметтер нарығы қағидаты бойынша онлайн курстарға қол жеткізуді ұсынатын халықаралық оқыту алаңдарына ұқсас құрылған.
Оқуға тікелей сілтемесі арқылы немесе Электрондық еңбек биржасында (enbek.kz) "Онлайн оқыту" бөлімін таңдау арқылы өтуге болады.
Платформада білім алушы оқытудың қолайлы қарқыны мен тілді, материалды берудің ыңғайлы қағидатын өз бетінше таңдайды, білім беру процесіндегі өзінің прогресін бақылай алады.
Оқу аяқталғаннан кейін білім алушы 70% шекті деңгеймен тестілеу тапсыруы тиіс. Онлайн курсты сәтті аяқтаған жағдайда дағдыларды игеру туралы сертификат беріледі. Курсты аяқтаудың міндетті шарты – студент тарапынан курсты бағалау.