Жұмыс істейтін жастарды баспанамен қамту жобасы 2022-ші жылдан бастап аймақтарда да іске қосылмақ, деп хабарлайды Atameken Business.
Әрине, әңгіме басы байлы түрде емес жалға ұсынылатын пәтерлерге қатысты. Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаевтың айтуынша, әзірге үш мегаполисте ғана іске асырылып жатқан бағдарламаның нәтижесі келер жылы көзге көрінеді. Жылдың басында жолға қойылған жоспарлар Жастар жылы аяқталуға шақ қалғанда ғана белсенді бола түскені қалай?
Биыл жастар жылы деп жарияланғанымен ауыз толтырып айтатындай шаралар жүзеге асырылды деу қиын. Статистика комитетінің мәліметінше, елімізде 14-28 жас аралығындағы 3 млн 900 мың 834 жас бар. Оның 2 млн 99 мың 239-ы жұмыс істесе, 81 мың 114-і жұмыссыз. 2021-ші жылы жас қазақстандықтардың саны 4 млн-ға жетеді деген болжам бар. Демек, ең басты екі мәселе – жұмыссыздық пен баспана күн тәртібінен түспейтін тақырып болмақ.
Жалпы, бұл түйткілдің түйіні қалай тарқатылуда? Жастарды баспанамен қамтудың қандай жолдары бар? Бұл сұрақтардың жауабын студиямызға келген ҚР ИИДМ Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитетінің бас сарапшысы Нұрсұлтан Керемқұлов пен ҚР АҚДМ Жастар және отбасы істері комитетінің төрағасы Мадияр Қожахметтен сұрап білеміз.