2023 жылдан бастап салықтың жаңа түрі – бөлшек салық енгізілді

Бұл режимде кәсіпкер 200-ге дейін жұмысшыны жалдауға және бірыңғай төлемді қолдануға құқылы.

2023 жылдан бастап салықтың жаңа түрі – бөлшек салық енгізілді Фото: inbusiness.kz

Пандемия кезінде экономиканың зардап шеккен секторлары үшін уақытша бөлшек салық  енгізілді. Қазір тұрақты енгізілген салық режимі бастапқыда 114 қызмет түрін қамтыған, қазір бөлшек саудаға және негізінен халыққа қызмет көрсетуге байланысты 190 қызмет түрін қамтиды. Бұл туралы Мемлекеттік кірістер комитетінің төрағасы Данияр Жанәлінов қатысқан баспасөз конференциясында белгілі болды, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.

Төрағаның түсіндіруінше бұл режимде кәсіпкер 200-ге дейін жұмысшыны жалдауға және бірыңғай төлемді қолдануға құқылы. Сонымен қатар шекті табыс 600 мың айлық есептік көрсеткіш немесе 2 миллиард 70 миллион теңгені құрайды. Осы шектің шеңберінде кәсіпкер қосылған құн салығын төлеуші санатына қосылмайды. Бұрын осы ҚҚС үшін кәсіпкерлер бизнестерін бөліп басқаратын.

Жеңілдетілген декларация режимімен салыстырғанда, мөлшерлеме қосылған құн салығы бойынша шығындарды ішінара өтеу үшін небәрі 1 пайызға көтерілді және 4 пайызды құрайды. Жалпы алғанда, осы 4 пайызға 3 салық кіреді: табыс, әлеуметтік салық және қосылған құн салығы.

Сондай-ақ, бұл режимде жергілікті мәслихаттар жекелеген салалар үшін мөлшерлемені 2 пайызға дейін төмендетуі мүмкін.

Бұл арқылы салық қызметі жергілікті өзін-өзі басқару органдарының рөлін арттырып, мөлшерлемені реттеу арқылы белгілі бір саланың дамуын ынталандыруға мүмкіндік берген.

Сондай-ақ, ірі кәсіпорындардың салығын төмендету үшін дара кәсіпкерлікті пайдалануын болдырмау мақсатында шығыстарды сатып алушы шегерімге жатқызған кезде салықтың жоғары мөлшерлемесі белгіленді – бұл 8 пайыз.

"Яғни, біз бұл режимді салықтан жалтарудың жаңа схемаларын жасаудан гөрі, адал бизнесті пайдалану үшін жасадық. Бүгінгі таңда 3 390 кәсіпкер осы режимге көшті және біз болашақта бұл режимнің кеңінен таралуын күтеміз", - деді Д. Жанәлінов.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу