2023 жылдың ортасына дейін тұрғын үй бағасы 10 %-ға қымбаттайды

788

Алдағы 5 жылда баспана бағасы өсімін тоқтатпайды. Биыл тұрғын үйлер  жарты жылдың ішінде 10-12 пайызға қымбаттап үлгереді. Демек баға әр ай сайын шамамен 2-3 пайызға көтерілмек. 

2023 жылдың ортасына дейін тұрғын үй бағасы 10 %-ға қымбаттайды

Жылжымайтын мүлік нарығы сарапшыларының 1, 2 және 3-ші санаттағы үйлерге қатысты болжамы осындай. Ал төртінші санаттағы экономкласс үйлер керісінше 15 пайызға арзандамақ. Себебі, оған бүгінгі күні ұсыныс көп болғанымен, сұраныс аз. Қымбатшылықты тежеуге бірінші кезекте инфляция кедергі. Оған қоса құрылыс материалдарының 42 пайызы Ресейден әкелінетіндіктен, санкцияның әсері Қазақстанды айналып өтпейді. Сондай-ақ, "7-20-25" бағдарламасының ұзартылуына байланысты құрылыс компаниялары ажиотаж тудыруы мүмкін.

"Ипотекалық бағдарламалардың көп болуы сұранысты жоғарылатыны сөзсіз түсінікті. Қаладағы халық санының көбеюі де әсерін тигізеді. Сұраныс үйге, баспанаға деген жоғары болады. Ол ешқашан түсе қоймайды. Жақын бір 5-10 жылдың ішінде Астана көркейіп өскенше баспанаға деген сұраныс ешқашан төмендемейді. 5-10 пайызға нақты өсетіні түсінікті жағдай", дейді Баспана нарығының тәуелсіз сарапшысы Ерболат Мыңғышпан.

Баспана нарығында сұраныс төмендегені рас па?

Бағаның өсуіне байланысты баспана нарығы тұтынушыларын жоғалта бастады. Ұлттық статистика бюросының дерегінше, өткен айда елімізде 33 мың сату-сатып алу шарты жасалған. Бұл қараша айына қарағанда 0,6 пайызға, ал өткен жылғы көрсеткішпен салыстырғанда 64 пайызға аз. Соңғы айдың қорытындысына сүйенсек, елордада, Солтүстік пен Шығыс Қазақстан облыстарында үй сату шарттарының саны 25 пайызға дейін азайған.

Ал Ақтөбе, Алматы және Шымкент қалаларында баспана алуға деген сұраныс керісінше 10-20 пайызға артқанға ұқсайды. Үй сату-сатып алу шарттарының саны бойынша бұрынғыша қос мегаполис Алматы мен Астана көш бастап тұр. Ең төмен нәтиже Ұлытау облысында, желтоқсан айында өңірде бар-жоғы 343 адам үйлі болған.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу