2023 жылға дейін 2,3 трлн теңге жеңілдетілген несие беріледі

2164

Мәжіліс 2021-2023 жылдарға арналған бюджет жобасын мақұлдады.

2023 жылға дейін 2,3 трлн теңге жеңілдетілген несие беріледі

Мәжілістің кеңейтілген отырысында Үкімет ұсынған 2021-2023 жылдарға арналған республикалық бюджеттің жобасы қаралды. Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов, Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев және Ұлттық Банк төрағасы Ерболат Досаев депуттар алдында баяндама жасаған болатын. Мәжіліс депутаттары спорт жаттықтырушыларының еңбекақысынан бастап ауылдағы медицина мекемелерінің тапшылығына қатысты көптеген проблеманың бюджеті қажетті деңгейде ескерілмегенін айтып, бірқатар ұсыныс берді. 

Ал Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин пандемия кезеңінде шағын және орта бизнесті қолдау ең өзекті мәселеге айналғанын атады.  

"Елбасының да, Мемлекет басшысының да осы туралы тапсырмасы бар. Тиісті қаражат бюджетте қаралып отыр. Енді, ең бастысы, осы барлық қаражат  қолжетімді болуы керек. Ол, әрине, Үкіметтің, Ұлттық банктің міндеті", – деді ол. 

Ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаевтың сөзінше, Мемлекет басшысының дағдарысқа қарсы бастамалары аясында іскерлік белсенділікті қолдау үшін 2,3 трлн теңгенің жеңілдетілген несиесі үш жылдық бюджетке еніп отыр. Мәжіліс спикері осы жеңілдетілген несиені жүзеге асыратын механизмнің ашық әрі түсінікті болу керектігін, сонда ғана шағын және орта бизнес бүгінгідей қиын кезеңге төтеп беретінін ескертті.

"Бүгінгі мақұлданған бюджет жобасының орны ерекше, маңызы да өте зор. Бүкіл әлемге тараған короновирус індеті біздің елімізде де орын алып отыр. Сондықтан алдағы үш жылдық бюджетте ең біріншіден, пандемия кезінде азаматтарды қолдау жағдайы ескерілді. Сонымен бірге жылдағы дәстүр бойынша экономиканы дамыту, әлеуметтік міндеттер, денсаулық, білім, еңбек салаларына ерекше назар аударылды. Себебі, республикалық бюджетті қалыптастыру – бұл Елбасы және Мемлекет Басшысы жүктеген барлық міндеттерді сапалы орындаудың кепілі. Енді Үкіметтің де, барлық мемлекеттік органдардың да негізгі жұмысы – осы бөлінген қаражаттарды жоспар бойынша өз уақытында, ашық, сапалы және нәтижелі пайдалану. Ал оны бақылау әрқашанда депутаттық корпустың назарында болады, – деді Нұрлан Нығматулин. 

Есжан Ботақара

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу