2023 жылдың қаңтар және қазан айлары аралығында Ұлттық Банктің төлем жүйелері арқылы барлығы 768,9 трлн теңгеге төлем жүргізілді. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 26%-ға көп, деп жазады inbusiness.kz сайты.
"Операциялық күн ішінде ұлттық төлем жүйелеріне түсетін орташа жүктеме күніне 3,8 трлн теңгеге 298,4 мың төлемді құрайды. Минут сайын 5,7 млрд теңгеге операциялар жүргізіледі. Айта кетейік, ең көп операция сағат 16:00-ден 17:00-ге дейін өңделеді", - делінген хабарламада.
Сонымен қатар, 2023 жылдың 10 айында Ұлттық Банктің төлем жүйелерінің жұмысқа қабілеттілік коэффициенті 99,99%-ды құрады. Бұл көрсеткіш белгіленген нысаналы көрсеткіштерден асып түседі және ұлттық төлем жүйелерінің жоғары тиімділігін көрсетеді.