2023 жылы аудандар мен облыстық маңызы бар қалалардың әкімдерін сайлау өтеді

Кандидаттарды тіркелген саяси партиялар және одан жоғары әкім ұсына алады.  

2023 жылы аудандар мен облыстық маңызы бар қалалардың әкімдерін сайлау өтеді  Фото: gov.kz

Ұлттық экономика министрлігінің хабарлауынша, келер жылы сайлау қанатқақты режимде, ал 2025 жылдан бастап жаппай өткізіле бастайды.

Алдымен облыс мәслихаттары облыс әкімінің ұсынысы бойынша аудандар мен облыстық маңызы бар қалалардың (облыстың әкімшілік орталығын қоспағанда) тізбесін және сайлау өтетін күнді бекітулері қажет.

Кандидаттарды ауыл әкімдерін сайлау үдерісіндегідей, яғни тіркелген саяси партиялар және жоғары тұрған әкім ұсына алады.

"Егер ұсыну мерзімі аяқталған кезде бір ғана канди­дат болса, оған балама ретінде облыс әкі­мі екінші кандидатты ұсына алады. Ал кандидаттар мүлдем болмаса, онда облыс әкімі екі кандидатураны ұсынады.

Өзін-өзі ұсынған кандидат сайлауға қатысуы үшін тиісті әкімшілік-аумақ­тық бірлікте тұратын сайлаушы­лардың кемінде бір пайыз қолын жинауы керек. Кандидаттар заңда белгіленген ең төменгі жалақының бес еселенген мөлшерінде сайлау жарналарын енгізуге тиіс. Егер сайлау қорытындылары бойынша кандидат әкім болып сайланса немесе дауыс беру қорытындылары бойынша кандидат дауыс беруге қатысқан сайлаушылар дауысының кемінде бес пайызын жинаса, сондай-ақ кандидат қайтыс болған жағдайда енгізілген жарналар кандидатқа немесе саяси партияға қайтарылады", – деп хабарлады министрлік.

Қалған жағдайларда сайлау жарнасы кандидатқа қайтарылмайды. Сондай-ақ тіркелгенге дейін кандидат және оның зайыбы (жұбайы) тұрғылықты жері бойынша мемлекеттік кірістер органдарына ұсыну мерзімі басталған айдың бірінші күніне активтер мен міндеттемелер туралы декларация тапсырады. Егер мәліметтер бұрыс не анық болмаса, аумақтық сайлау комиссиясы кандидатты тіркеуден бас тартуға құқылы.

"Аудандар мен облыстық маңызы бар қалалар әкімдерінің сайлау науқанын өткізудің жалпы кезеңі шамамен 60 күн, оның ішінде сайлау қорытындыларын шығаруға және нәтижелерді белгілеуге бөлінген күндерді есептемегенде 50 күнді құрайды", – деп хабарлады министрлік.

Аудандар мен облыстық маңызы бар қалалардың әкімдеріне кандидат Қазақстан Республикасының азаматы болуы және 25 жастан төмен болмауы, сондай-ақ жекелеген мемлекеттік саяси лауазымдарға қойылатын біліктілік талаптарына сәйкес келуге тиіс.

Кандидат еңбек өтілі бойынша талаптардың 11 нұсқасының бәріне де сәйкес келуге тиіс. Бұл ретте мемлекеттік қызметте жұмыс тәжіри­бесінің болуы міндетті емес. Мыса­лы, кемінде бес жыл жұмыс өтілі, оның ішінде орташа жылдық штат саны кемін­де елу адам болатын орта кәсіпкерлік субъек­тілерінің не коммерциялық емес ұйым­дар­дың басшы лауазымдарында кемінде екі жыл жұмыс өтілі немесе Президенттік жас­тар кадрлық резервіне алынған адамдар үшін кемінде бес жыл жұмыс өтілі және тағы басқалар болуы мүмкін.

Сайланатын әкімнің өкілеттік мерзімі – 4 жыл. Бір адам қатарынан екі реттен артық аудан (облыстық маңызы бар қала) әкімі болып сайлана алмайды. Сонымен қатар аудан және облыстық маңызы бар қала мәслихаттарына мәслихат депутат­та­рының жалпы санының кемінде бестен бірінің бастамасы бойынша әкімге өз міндеттерін тиісінше орындамаған жағдай­да сенімсіздік білдіру туралы мәсе­ле­ні қарау жөніндегі өкілеттіктер беріледі. Бұл жағдайда мәслихат депутаттардың жалпы санының көпшілік дауысымен әкімге сенімсіздік білдіруге және жоғары тұрған әкімнің алдына оны қызметтен босату туралы мәселе қоюға құқылы.

Еске сала кетсек, Ұлттық экономика ми­нистр­лігі Мемлекет басшысының азамат­тарға аудан әкімдерін қанатқақты режімде сайлауға мүмкіндік беру жөніндегі тапсырмасын орындау үшін облыс аудандары мен облыстық маңызы бар қалалар әкімдерін тікелей сайлауды енгізу бойынша заңнамалық түзетулер әзір­леген болатын. Бұл нормалар "Қа­зақ­стан Республикасының кейбір конституциялық заңдарына Мемлекет бас­шысының 2022 жылғы 16 наурыздағы Жолдауын іске асыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Конституциялық заңында және "Қазақстан Республикасының кейбір заң­намалық актілеріне Мемлекет бас­шы­сының 2022 жылғы 16 наурыздағы Жолдауын іске асыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заңында қарастырылған. Осы жылдың 5 қарашасында аталған заңдарға Президент қол қойды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу