Бұл туралы Ұлттық банк төрағасы Ғалымжан Пірматовтың базалық мөлшерлемеге қатысты мәлімдемесінде жазылған.
"Жаңа сценарий шарттары мен сыртқы және ішкі факторларды ескере отырып, инфляция болжамдары біршама төмендеу жағына қайта қаралды. Мәселен, біздің болжамымыз бойынша, жылдық инфляция 2023 жылы 9-12%, 2024 жылы 6-8% және 2025 жылы 4-6% шегінде қалыптасады. 2023 жылы Қазақстандағы фискалдық ынталандыру мен сауда әріптес елдердегі инфляцияның динамикасына қатысты белгісіздік болжам ауқымын кеңейтті. Өткен жылғы базаның әсерінен жылдық инфляцияның ең жоғары шегі биылғы бірінші тоқсанда өтеді", – деп жазылған хабарламада.
Қазақстан экономикасының өсуінің болжамдары да жақсарды. Алдағы үш жылда жалпы ішкі өнімнің 3,5-4,5% деңгейінде өсуі күтілуде.
"Болжамдар мұнайды өндіру мен экспорттау бойынша күтулердің жоғарылауына байланысты қайта қаралды. Оған сауда әріптес елдер экономикаларының біртіндеп қалпына келе бастауы себеп. Ішкі сұраныстың тұрақты өсуі мемлекеттік ынталандыру шығыстарымен және мұнайдың қолайлы бағасымен қамтамасыз етіледі. Сонымен қатар, фискалдық ынталандыру аясында импорттың оң динамикасы мен тежеуші нақты мөлшерлеме ішкі сұраныстың өсуін ішінара ұстайтын болады.
Жалпы ішкі өнім болжамының тәуекелдері біздің экспорттың жеткізу жолдарындағы көлік-логистикалық проблемаларынан, сондай-ақ мұнай өндіру жоспарын іске асырудан туындауы мүмкін", – деді ҰБ төрағасы.