2023 жылы 26,2 мыңнан астам жұмысшының құқықтарын мемлекеттік еңбек инспекторлары қорғады, деп жазады inbusiness.kz сайты.
"2023 жылы мемлекеттік еңбек инспекторлары республиканың мыңнан астам кәсіпорны 28 мың жұмыскерге 6,6 млрд теңгеден астам сомаға жалақы бойынша берешек екенін анықтады", - делінген ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің хабарламасында.
Ведомствода атап өткендей, аталған кәсіпорындардың басшыларына міндетті түрде 1447 ұйғарым шығарылып, 200,5 миллион теңгеден астам айыппұл салынды.
"Қабылданған шаралар, соның ішінде жалақы бойынша берешекті өтеудің қатаң кестелері мен мерзімдерін белгілеу нәтижесінде 26,2 мыңнан астам жұмыскердің құқығы қорғалды. Оларға 5,8 млрд теңге төленді", - деп толықтырды Министрлікте.