Қасым-Жомарт Тоқаев 2023 жылы Қазақстан экономикасының өсімі кем дегенде 4 пайызды құрауы тиіс екенін мәлім етті, деп хабарлайды inbusiness.kz.
"Келесі жылы ЖІӨ-нің нақты өсімі кем дегенде 4 пайызды құрауы керек, ал номиналды түрде тарихта алғаш рет 250 миллиард доллардан асуға тиіс", - деді Тоқаев бейсенбі күні Сенат отырысында.
"Инфляция ең алдымен әлеуметтік аз қорғалған азаматтарға тиетіні жасырын емес. Бұл мәселені шешпей, экономиканың өсуі мен азаматтардың әл-ауқатын қамтамасыз ету, инвестиция тарту мүмкін емес", - деді Мемлекет басшысы.
Сондай-ақ, жаңа өндірістер мен сапалы жұмыс орындарын ашу, әсіресе, жастар үшін жұмысты жандандыру қажеттігін, денсаулық сақтау мен білім беру жүйесіне ерекше назар аудару керектігіне тоқталды.
2021 жылы Қазақстанның экономикалық өсімі 4 пайызды құрады. Үкімет 2022 жылдың соңына қарай ЖІӨ өсімін кем дегенде 3 пайыз деңгейінде болжап отыр.