Енді мамыр айында тестілеу өткізілмеуі мүмкін. Бұл туралы Ұлттық тестілеу орталығының директоры Руслан Емелбаев мәлімдеді, деп жазады inbusiness.kz.
Оның айтуынша, жыл сайын негізгі ҰБТ мамыр және маусым айларында өткізіліп келді, енді оған өзгеріс енгізу үшін арнайы жоба әзірленген.
"Биылғы жоспар бойынша бірінші мүмкіндікке тіркелу наурыз айында ашылады. Алғашқы тестілеуді сәуір айында өткізудің бірнеше себебі бар. Біріншіден, мамыр айында мереке көп. Екіншіден, биылғы оқу жылында соңғы қоңырау 31 мамырда өтеді. Оқушылардың бар ойы соңғы қоңырауды өткізуде болады", – деп түсіндірді Руслан Тохтарұлы.
Ұлттық тестілеу орталығы Ғылым және жоғары білім министрлігіне ұсынған жаңа жобада дистракторлар (жауап нұсқалары) саны өзгертілген. Яғни бір дұрыс жауабы бар тест тапсырмаларында нұсқалар саны 5-тен 4-ке дейін, бір немесе бірнеше дұрыс жауабы бар тест тапсырмаларында (үш дұрыс жауаптан көп емес) нұсқалар саны 8-ден 6-ға дейін азаяды.
Сондай-ақ ҰТО директоры Руслан Емелбаевтың айтуынша, сұрақтар саны да өзгереді. "Оқу сауаттылығы" бойынша 15 сұрақ: 5 сұрақтан 3 мәтін (200-350сөз) беріледі, ал "Қазақстан тарихы" бойынша 20 сұрақ: бір дұрыс жауапты 10 тапсырма, мәнмәтін негізінде 10 тапсырма беріледі.
Естеріңізге сала кетейік, бұл өзгерістер қазіргі таңда тестілеу орталығы тарапынан жоба ретінде ұсынылған.